06 там, 2020 сағат 11:46

БҚО-да карантин тәртібін бұзғандарға 20 млн-нан астам теңгеге айыппұл салынды

Батыс Қазақстан облысында карантин тәртібін бұзғандарға 20 млн астам теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 5 шілде – 5 тамыз аралығында карантин режимі мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғандарға қатысты 311 хаттама толтырылды. 

Бұлардың ішінде заңды және жеке тұлғалар, сондай-ақ кәсіпкерлер де бар. 

Мониторингтік топ пен полиция жүргізген рейдтер барысында карантин кезінде тыйым салынған сауда, қызмет орындарының жұмыс істеп тұрғаны анықталды. Бірқатар кәсіпкерлік нысандарында санитарлық талаптардың сақталмағаны, атап айтқанда, жеке қорғаныш құралдары мен дезинфекциялық құралдардың (антисептиктердің) жоқтығы белгілі болды. 

Сонымен қатар шектеу шараларына қарамастан, тұрғындар үйде, кафе, мейрамханаларда көп адамның жиналуымен отбасылық шаралар өткізген. Түнгі сағат 23.00-ден кейін жеке көлігімен бейсауат жүргендер де айыпсыз қалмады. 

Департамент коронавирус індетінің қайта өршіп кетпеуі үшін карантиндік шектеу шараларын қатаң сақтауға шақырады.