29 қаз, 2020 сағат 07:32

БҚО-да денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің ұсталғаны хабарланды

Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Болатбек Қайыпов парақорлық бабы бойынша күдікке ілініп, ұсталды. Қазақстанның батыс өңірінен ақпарат тарататын "Мой город" сайты 29 қазанда осылай деп хабарлады. Әзірге толық емес дерек бойынша, шенеунік 7 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген. Облыстың бас дәрігері уақытша қамау изоляторына қамалды деп айтылады.

"Мой город" сайтының жазуынша, Қайыповқа қатысты тергеу амалдары басталғаны жайлы ақпарат осыған дейін де тараған. Алайда қыркүйек айының басында облыстық денсаулық сақтау басқармасы ақпаратты жоққа шығарған. Дегенмен басқарма қадағалау органдарының коронавируспен күреске бағытталған шараларға қаржы жұмсау мәселесін тексеріп жатқанын растаған.

29 қазанда Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Қайыповтың ұсталғаны жайлы ақпараттан хабарсыз екенін жеткізген. Ал шенеунік орнында жоқ болып шыққан. Батыс Қазақстан облысының жемқорлыққа қарсы іс-қимыл күрес қызметі де әзірге түсініктеме бермей отыр.

Осыған дейін денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев "қаражатты ысырап ету" бабы бойынша күдікке ілініп, ұсталған еді. Ақпарат бойынша, тергеу органдары шенеунікті "ақпараттық жүйе құруға бөлінген 500 миллион теңгеден астам қаражатты ысырап қалды" деп айыптап отыр. Қыркүйек айының соңында бұл іс бойынша тергеу амалдарының жалғасып жатқаны хабарланды.

Елде коронавирус індеті өршіп, денсаулық сақтау саласына сын көбейген шақта аймақтағы денсаулық сақтау басқармасы мамандары да жиі ауысып жатыр. Осыған дейін Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Камалжан Нәдіров қызметінен кеткен.