11 там, 2020 сағат 19:30

БҚО-да дәріні Ресейге заңсыз шығармақ болған кәсіпорын анықталды

Батыс Қазақстан облысында 1,7 млн АҚШ доллары тұратын дәрілік заттарды шетелге рұқсатсыз әкетпек болған кәсіпорынға айыппұл салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО экономикалық тергеу департаменті мәлім еткеніндей, шілде айында «Тасқала» автокөлік өткізу бекетінде жүк көлігінің 1,7 млн астам доллар тұратын «Физиотенз» дәрілік затын Ресейге тиісті рұқсат қағаздарынсыз алып бара жатқаны анықталған болатын. 

Тексеріс барысында «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ-ның аталмыш дәрілік затты ел аумағынан әкету тәртібін бұзғандығы белгілі болды. Сонымен қатар бұл кәсіпорын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды әкетуге келісім және (немесе) қорытынды беруге қатысты мемлекеттік қызмет көрсету қағидасын да белден басқан болып шықты.

Сот шешімімен аталған кәсіпорын ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 463-бабы 1-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылып, әкімшілік құқық бұзушылық нысандарын тәркілеместен, 416,7 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.