
Батыс Қазақстан облысында 1-6 желтоқсан аралығында мемлекеттік шекарадан 45703 адам өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Ресеймен шектесетін «Тасқала», «Сырым», «Жәнібек» және «Ақсай» автоөткелдерінен өткендердің ішінде 1470 адамның анықтамасы болмай шықты.
Оның бәрі де жеті күндік карантинге жатқызылып, соның ішінде 28-інен коронавирус табылды.
Облыста сондай-ақ қыркүйек айынан бері 148 оқушы мен балабақша тәрбиеленушісінің індет жұқтырғаны анықталды. Соның ішінде қыркүйек айында – 4, қазанда – 5, қарашада – 102, желтоқсанда 24 бала ауырған. 14 балабақша тәрбиеленушісінің 13-і қарашада, біреуі желтоқсанда сырқаттанған. Олардың бәрі де отбасы мүшелерінен жұқтырған.
Қазіргі таңда өңірде ауырғандар саны 8304-ке жетсе, соның 7422-сі жазылып шықты. 137 адам індеттен көз жұмды.
Пневмонияға шалдыққан 110 адам стационарда, 60-ы амбулаторлық ем алуда. Пневмониядан 239 адам қайтты.
Күні бүгін өкпені жасанды желдету аппаратына 3, оттегі концентраторына 8 адам қосылған.
Жеті жұқпалы аурулар ауруханасында 135, төрт карантиндік стационарда 70 адам емделуде. 10 адам жансақтау бөлімшесінде жатыр.
