07 жел, 2020 сағат 21:21

БҚО-да 8 тонна пішен мен қора-қопсы өртеніп кетті

Батыс Қазақстан облысында қора-қопсыға қоса 8 тонна пішен, мал өртеніп кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО ТЖ департаменті «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» ММ мәлім еткеніндей, оқиға 7 желтоқсан күні Теректі ауданы Ақсоғым ауылында болды. 

Сағат 11.37-де Жеңіс көшесіндегі жеке тұрғын үйдің ауласында орналасқан шаруашылық нысанының өртеніп жатқаны жөнінде хабар түскен. 

Аумағы 40 шаршы метрді қамтыған өрттен 8 тонна пішен күлге айналды. Оған қоса 1 бас ірі қара мен бұзау, 20 үй құсы отқа оранды.

«Тілсіз жау» сағат 16.10-да оқшауланып, 17.51-де толықтай жойылды. 

Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын анықталу үстінде.