05 қар, 2020 сағат 10:55

БҚО-да 485 мыңға жуық шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек

Батыс Қазақстан облысында биыл 484,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмекші, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұркен Молдашевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде 120,1 мың шаршы метр тұрғын үй мемлекеттік бюджет есебінен іске қосылмақшы. 

Атап айтқанда, 8 көппәтерлі тұрғын үй (1377 пәтер) және ауылдық елді мекендерде 93 тұрғын үй (233 пәтер) тапсырылмақшы. Соның ішінде тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары үшін 6 көппәтерлі үй (963 пәтер) мен ауылдарда 20 тұрғын үй (120 пәтер), жергілікті атқару органдарында кезекте тұрғандарға 2 көппәтерлі үй (414 пәтер) мен елді мекендерде 73 тұрғын үй (113 пәтер) беріледі. 

Н.Молдашевтің сөзіне қарағанда, биыл 17 көппәтерлі үй (2503 пәтер) мен ауылдық елді мекендерде 139 үй (474 пәтер) құрылысы мен 20 инженерлік коммуникациялар инфрақұрылымы нысанына «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 21,1 млрд теңге бөлінді. 

Тұрғын үй құрылысы 2021 жылы да жалғасады. Мысалы, жалға берілетін тұрғын үй құрылысына алдын ала республикалық бюджет есебінен 2,7 млрд теңге бөлу қолдау тапты. Аталған қаражатқа Орал мен Ақсай қалаларында 2 көппәтерлі тұрғын үй, Қазталов, Жаңақала, Жәнібек аудандарында 26 үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Оған қоса ауылдарда 26 тұрғын үй құрылысы басталмақшы.

Алдағы жылы инженерлік коммуникация тартуға 3,99 млрд теңге беру де республикалық бюджет тарапынан қолдау тауып отыр. Бұған Орал қаласы, Бөрлі, Тасқала, Бөкей ордасы, Жаңақала, Шыңғырлау, Қазталов, Ақжайық, Теректі аудандарында 23 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Соның ішінде 19 жоба бойынша тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдеріне инженерлік желілер тартылатын болады.

«Сондай-ақ келесі жылы биылдан ауысатын 7 көппәтерлі тұрғын үйдің (оның алтауы Оралда, біреуі Ақсайда) және Теректі ауданы Тоқпай ауылында 20 несиелік үйдің құрылысы мәреге жетпекші», деді Н.Молдашев.