11 қар, 2020 сағат 18:44

БҚО-да 337 млн теңгеге үш бірдей ауылға табиғи газ жеткізілді

Теректі ауданында Долинный, Төңкеріс және Қоныссай ауылдарына табиғи газ жеткізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасқан облыс әкімі Ғали Есқалиевтің айтуынша, жыл басында ауданда газбен қамту көрсеткіші 89 пайыз болса, енді 96 пайызға жетпек.

Жыл соңына дейін Теректі ауданында тағы тоғыз ауыл көгілдір отынға қосылатын болады.

Теректі – қалаға жақын орналасқан ауданның бірі, Қарашығанақ кеніші де алыс емес. Газдың үстінде отырғанымен, аталмыш ауыл тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізе алмай келген еді. Енді олар қысқа отын жинау, от жағып, күл шығару машақатынан құтылды.

Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында Долинный, Төңкеріс, Қоныссай ауылдарына газ құбырын тарту үшін бюджеттен 337 млн теңге бөлінді.

Білім саласында ұзақ жыл еңбек еткен Долинный тұрғыны Александра Мазурдың мәлім еткеніндей, бұл игілікті олар он жыл бойы күткен. 

«Биылғы қаңтар айында әкімдердің есеп беруі кезінде біз осы мәселені өңір басшысының алдына қойған едік. Бұрын мектеп те салқын болғандықтан, балалар тоңып шығатын. Енді мұның бәрі артта қалды», деді А.Мазур.