Батыс Қазақстан облысында 15 жастағы қыздың тұрмысқа шығу дерегі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға Бөрлі ауданында болды.
Биылғы 16 қыркүйекте кәмелетке толмаған И. деген қыздың жоғалып кеткені жөнінде хабар түскен.
Жедел іздестіру шаралары барысында оның Орал қаласындағы тұрғылықты мекенжайы анықталды. Қыз сыртқы белгілері бойынша дәстүрлі емес діни ағымды ұстанатын Ж. деген азаматпен шариғатқа сәйкес заңсыз неке қидырған. Неке мешіт пен қыздың заңды өкілдерінің, имамдардың қатысуынсыз қиылған.
Жалған некені жамылған Ж. кәмелетке толмаған 2005 жылғы қызбен жыныстық қатынасқа түскен. Табылған кезде И. қара түсті пәренже жамылып, бетін толық бүркеніп жүрген. Туыстарымен барлық қарым-қатынасты үзуге әрекеттенген.
Ж-ның іс-әрекеті ҚР ҚК 122-бабы 1-бөлігімен (көрінеу он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу) дәрежеленеді. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында 16 жастағы оқушы қыздың ата-анасына ескертпестен, тұрмысқа шыққанын жазған болатынбыз.