21 жел, 2020 сағат 12:45

БҚО-да 133 мың тонна өнім шетелге экспортталды

Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 133,8 мың тонна дәнді дақылдар, жүгері және нұт өнімдері шетелге жөнелтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуанышқали Есімовтің айтуынша, соның ішінде Өзбекстанға – 110,4 мың тонна, Ауғанстанға – 11,5 мың тонна, Тәжікстанға 7,8 мың тонна өнім экспортталды. 

Биылғы 11 айдың ішінде Ауғанстанға – 14 мың тонна, Ресейге – 9,8 мың тонна, Түркменстанға 5,2 мың тонна Ақ Жайық астығы жөнелтілді.

Сондай-ақ 56,2 мыңнан астам тонна күнбағыс экспортталса, соның басым бөлігі, яғни 35 мың тоннасы Өзбекстанға, 5 мың тоннасы Қытайға, 2,5 мың тоннасы Тәжікстанға кетті. 

Қытай батысқазақстандық «Теректі май зауытынан» 2,5 мыңнан астам тонна күнбағыс майын сатып алды. 

Облыста егінмен 600 шаруашылық айналысады, соның ішінде 200-ден астамы көкөніс өсіруге ден қойған. Биыл 228 мың гектарға – дәнді дақылдар, 118,1 мың гектарға – майлы дақылдар, 4,1 мың гектарға – картоп, 3331 гектарға көкөніс егілді.

Қуанышқали Есімовтің сөзіне қарағанда, биыл астық өндірушілер үшін қолайлы жыл болды. Төтенше жағдай мен карантиндік шараларға қарамастан, фермерлер кедергісіз жүріп-тұрды. Жанар-жағар маймен, қосалқы бөлшектермен қамтуда іркіліс болған жоқ. Соның нәтижесінде көктемгі егіс жұмыстары, күзгі жиын-терін уақтылы атқарылып, дәнді дақылдардың жалпы өнімі 292 мың тоннаға жетті. Бұл өткен жылғыдан 30 мың тоннаға артық. Әр гектардан алынған орташа өнім өткен жылғыдан (9,9 центнер) 3 центнерге өсіп, 12,9 центнерден айналды. Әсіресе, күздік бидайдың әр гектарына 24,8 центнерден келді. Бұл күздік бидай егудің тиімділігін көрсетеді.

Диқандар алдағы жылдың өнімінен де үмітті. Сондықтан биыл жоспардағы 86 мыңның орнына 95,2 мың гектар алқапқа күздік бидай егілді. Өткен жылы егін шаруашылықтары 81 мың гектарға күздік бидай сепкен еді. 

«Биыл әлемдік нарықта ауыл шаруашылығы тауарларына қолайлы баға қалыптасқанын айта кету керек. Фермерлер күздік бидай мен күнбағысты көбірек егудің пайдасын көрді. Өткен жылы күзде майлы дақылдардың әр тоннасына бастапқы баға 70 мың теңге болса, биыл 140 мың теңгеге жетті. Дәнді дақылдарға да баға 70 мыңнан 95 мың теңгеге дейін өсті. Бұл батысқазақстандық тауар өндірушілерге өз өнімдерін шетелге тиімді бағамен сатуға мүмкіндік берді», деді Қуанышқали Есімов.