31 қаң, 2017 сағат 10:22

БҚО әкімінің "қымбат көлігіне" қатысты түсініктеме берілді

Батыс Қазақстан облысы әкімінің қызметтік көлігіне қатысты шыққан ақпаратқа түсініктеме берілді. Бұл туралы БҚО әкімінің баспасөз хатшысы Жарқын Жумадилов хабарлады.

"Әкімнің қызметтік көлігі үшін бюджеттен қаржы бөлінбеді. Яғни, жаңа көлік сатып алынған жоқ. Осы уақытқа дейін болған «Мерседес» көлігінің жалға алу уақыты 2016 жылдың 31-желтоқсанында аяқталған болатын. Жаңа жылдан бастап, "Ауди" А8 көлігін жалға алынғаны рас. Аренда ай сайын 50 мың теңге. Егер күмəн болса арнайы сауал жолдауларыңызға болады", дейді Жарқын Жумадилов.

"Бұл көлік 2015 жылы шыққан, яғни салоннан алынған су жаңа автомашина емес. Таратылған ақпаратта осы көліктің ең озық үлгісінің салондағы бағасы көрсетілген. Қайталап айтамын, 56 млн теңге бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Оған да сауал жолдауға болады" дейді ол.

Баспасөз хатшысы аталған көлік түрінің салондағы бағасын алға тартып, ақпаратты бұрмаламауды сұрады. 

Айта кетсек, осыған дейін БАҚ-тарда Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің 56 миллион теңге тұратын Audi A8 маркалы қызметтік көлікпен жүргені хабарланған еді. 

"Ұлт ақпарат"