02 қыр, 2019 сағат 13:26

Бизнестің жолы ашылды – Дархан Мыңбай кәсіпкерлерді 3 жылға салықтан босату жай

Сенат депутаты Дархан Мыңбай микро және шағын бизнесті 3 жылға табыс салығынан босату жеңілдігі – бизнестің тынысын ашатынын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Аңғарсаңыз, бұл жерде Президент бірінші рет шағын бизнесті орта бизнестен бөліп айтып отыр. Бұрын шағын және орта бизнес деп келдік қой. Ал бүгін шағын бизнесті қолдау бойынша нақты тапсырмалар берілді. Мәселен, шағын бизнес өкілдерінен үш жылға дейін табыс салығы ұсталмайтыны туралы айтылып жатыр. Бизнестің жолы ашылды деген ойдамын», - деді Дархан Мыңбай Парламенттің бірлескен отырысынан кейін тілшілердің сауалына жауап бере отырып.

Сенатордың пікіріне құлақ ассақ, Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында барлық салаға байланысты, әсіресе білім, мәдениет, экология салаларына қатысты нақты тапсырмалар берді. 
«Мемлекет басшысы экономиканың қай саласынан қаражатты үнемдеуге болатынын да атап өтті. Яғни, ол аспаннан түсетін қаржы емес – тек үнемдеу, мемлекеттік сатып алу заңын жетілдіру арқылы келетін қаржы. Соған байланысты Парламентке көптеген заңдарды әзірлеу бойынша нақты тапсырмалар беріліп отыр. Әсіресе, экологиялық кодекстерді қайта қараудың маңызы зор. Біздің қазіргі кәсіпорындарға байланысты үлкен көмегін береді деп ойлаймын», - деді Дархан Мыңбай.
Еске сала кетсек, бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жолдауда Президент микро және шағын бизнесті табысқа салынатын салықтан 3 жылға босатуды тапсырды.