Келешекте машина жасау саласында электромобиль бөлшектерін шығару трендке айналады. Қазақстан машина жасаушыларының VII форумында Ұлттық экономика вице-министрі Жаслан Мәдиев осындай болжам айтты.
«Жыл басынан бері Қазақстан бойынша машина жасау саласында 553 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Бұл өңдеу секторындағы өндіріс көлемінің 10,6 пайызына тең. Саладағы экспорт көлемі ақшаға шаққанда 392 млн долларды құрады. Өсім 65,4 пайызға тең. Ал импорт көлемі 5,7 млрд долларға жетті. Ойланатын жағдай. Яғни, осыншама импортты алмастыруға болады деген сөз. Бұл – үлкен әлеует. 7 айдың ішінде салға 6,3 трлн теңге инвестиция тартылған.
Машина жасау саласындағы дайын техника мен өнім ұсыну нарығын дамыған елдер баяғыда жаулап алған. Біздің кәсіпорындарға аралық өнім ұсынуға болады. Мысалы, электромобиль бөлшектерін шығару қажет. Ол үшін инвесторларды елімізде Gigafactory құруға тартуға болады. Оған қажет пайдалы қазбалар бізде жеткілікті», - деді вице-министр.
Форум барысында электромобиль нарығына қажет бөлшектер мен құрылғылар шығару машина жасау саласындағы негізгі трендке айналатыны туралы болжамдар айтылды. Мәселен, Tesla компаниясы қазір аталмыш электромобильге қажет батареяларды Азиядан алдыруға мәжбүр көрінеді. Жылына 500 мың электромобиль шығаруды жоспарлап отырған алпауыт компания 2020 жылы осынша көлемде батарея шығаратын Gigafactory-ды іске қоспақшы.