08 қыр, 2021 сағат 20:36

"Біздің ұжымдық иммунитетіміз әзірге тұрақты" - вице-министр


ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов ревакцинация мәселесі қатысты шешім неге кешігіп жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мемлекет басшысы да аралық вакциналауға, яғни, қайталап вакциналауға қажет көлем дайындауды тапсырған болатын. Біз вакцинаны дайындаған тараптардың бәрімен тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз. Вакцинаны әзірлегендерге, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына ревакцинация бойынша вакцинаның түрі мен типіне байланысты нақты ұстанымдарын сұрап, тиісті сауалдар жолдадық. Қазір әлемде ревакцинацияға жүгінген елдер бар. Бірақ, өкінішке қарай, бұл мәселеде бірыңғай талап немесе тәсіл жоқ. Дамыған елдердің бір қатары былтыр қараша айында вакцинаны бастап кеткен еді. Олар вакцинация циклінде 10 айдан астам уақыт жүр. Осы уақыт ішінде ұжымдық иммунитет түскендіктен ревакцинация мәселесі өзекті болып тұр», - деген вице-министр Қазақстанда вакциналаудың қарқын кезеңі мамыр мен тамыз айыларына келгенін еске салды. 

«Біздің жағдайымызда вакцинация ақпан айында басталды. Вакцина алғандардың негізгі бөлігі мамырдың соңы мен тамыз айында екпе қабылдады. Осы кезеңде 4,5-5 млн адам вакцина алған. Біздің ұжымдық иммунитетіміз, вакцинаның иммунитеті әзірге тұрақты. Оған қазір елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтана бастағаны дәлел», - деді ведомство өкілі. 

Оның айтуына қарағанда. Денсаулық сақтау министрлігі жуық арада бүкіл өндірушілермен бұл мәселені пысықтап, тиісті мәлімдеме жасамақшы. 

«Естеріңізде болса, вакцинация басталған кезде өндірушілерден түрлі ақпараттар түскен еді. Яғни, вакцинаның иммунитеті оның түрі мен типіне қарай 1 жылдан 2 жылға дейін сақталатыны айтылған болатын. Бұл ақпарат ресми жарияланған еді. Вакцинация басталған кезде вакцинаның иммунитеті, ұжымдық иммунитет қанша уақытқа созылатынын болжау қиын болғанын ескеріп, қазір осы мәселені жұмыс тобында қарастырып жатырмыз. Қайта вакцина алуға ниеттілер бар екенін білеміз», - деді Марат Шоранов.