13 қаз, 2016 сағат 12:01

Бiздiң ел есiк-терезесi жоқ үй сияқты

Елiмiзге келiп жатқан шетелдiктерде есеп жоқ. Осыған қарап, бiздiң ел есiк- терезесi жоқ үй сияқты деген ойға келемiн. Келiп жатқан мигранттардың iшiнде қаншама лаңкес, дiни экстремист, ауру-сырқау, қаңғыбас қайыршы бар екен? Бұлардың барлығы да миграциялық картаны толтырады да, елiмiзге кiре бередi. Келiп жатқандардың арасында адал кәсiпкерлер жоқ емес, бар. Бiрақ, жеңiл табыс iздеп, заңға қайшы әрекет жасайтындар (азаматтық алу үшiн жалған некеге тұратындар мен ұрлық-зорлық жасайтындар) одан әлдеқайда көбiрек. Бұл жағдайды әкiмқаралар “елiмiз­де жұмыс күшi тапшы” деп жауып қояды.

Менiңше, бүгiнгi аумалы-төкпелi заманда шекарамызды айқара ашып, көлденең көк аттының барлығын кiргiзе беруiмiз – болашағымызға балта шабумен бiрдей.

Осы ретте миграция туралы заңға өзгерiс енгiзiп, шекара асушыларға қатаң талап қою қажет. “Жұмыс iздеп келдiң бе? Патент ал, денсаулық туралы анықтамаңды өткiз!” және т.б. Осылай бетiмен кете берсе, бақылаусыз жүрген мигранттар бiздi жарға жығатыны күмәнсiз.

Бекен Нұрлыбаев, Алматы.