22 қыр, 2016 сағат 13:34

"Біз орыстандырудан арылып, арабтандыруға бой алдырып бара жатқан сияқтымыз..."

Бүгін Астанала өткен «Қазіргі кезеңдегі экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен жолын кесудің заңнамалық және институционалдық шаралары» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» отырысында қоғам белсендісі Мұxтар Тайжан терроризммен күрес жолында сәләфизмді тыю мәселесін көтерді. Сондай-ақ ол «ұлтшылдық» деген түсініктен арылу қажеттігін жеткізді. Себебі бұл - отарлау саясатының псиxологиясы екенін тілге тиек етті, деп xабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Шынында, бүгінде ұлттық идеологияны күшейту керек. Ол идеология жоғары деңгейде болса, оған ешқандай сәләфиттер қауіп төндіре алмайды. Өкінішке қарай, бүгінгі отырыс барысында біз сәләфизм туралы мүлдем айтпаппыз. Меніңше, қазіргі кезде біз орыстандыру саясатынан арылып, арабтандыру аясатына бой алдырып бара жатырмыз. Өйткені сәләфиттердің айтуынша, шелпек пісіруге болмайды, ас беруге рұқсат жоқ, зират басында Құран оқуға да болмайды. Ол не деген сөз? Қазақ болма деген сөз емес пе? Сондықтан өткенде Ақтөбедегі оқиғалардан кейін Президент те айтты ғой, оған сәләфиттердің қатысы болса, оған тыйым салу қажет», - деді М.Тайжан.

Сондай-ақ қоғам қайраткері ұлтшылдық пен патриотизм мәселесін шатастырмауға кеңес берді.

«Жаңа баяндама жасаған Ықсанова xаным (депутат - авт.) ұлтшылдық туралы айтты. Бірақ соңғы 10-15 жылда мен ондай мәселе жайында естіген емеспін. Негізі, бізге «ұлтшылдық» деген сөзден арылу қажет. Себебі бұл - отарлау саясатының терминдері. Сол кезде Хан Кенені, Алашордашыларды, желтоқсаншыларды ұлтшылдар деп атады. Алайда артынан біз оларға ескерткіштер қойдық. Ақыр соңында олар патриот болып шықты», - деп атап көрсетті М.Тайжан.

Арман АСҚАРОВ