ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында 2019 жылдың қаңтар-қазан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің орындалуы мәселелері қаралды. Биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы ҚР ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР ҰЭМ мәліметтері бойынша, ЖІӨ өсімі қаңтар-қазан айларында 4,4%-ға жеделдеді. Экономика өсімінің факторлары — инвестициялық белсенділік, ішкі сұраныстың және ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесінің ұлғаюы, өнеркәсіптің кіші салаларындағы екі мәнді өсім, сонымен бірге, мұнай өндірудің қалпына келуі. Экономиканың салалары бойынша инвестициялық жобалар пулы құрылды. Бұл орта мерзімді келешекте экономиканың тұрақты және сапалы өсу негізін құрайды.
«Инвестициялар 8,2%-ға өсті. Халықтың нақты табысының өсуі 6,4%-ды құрады. Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 28,5%-ға дейін артты. Өнеркәсіп өндірісі орнықты өсу үрдісін сақтап отыр. Қаңтар-қазанда өсім 3,5%-ды құрады. Өңдеу өнеркәсібі 3,3%-ға өсті», — деді Р. Дәленов.
Өсу негізгі өңдеу салаларында қол жеткізілген қарқынның сақталуымен қамтамасыз етілді. Олар — жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, фармацевтика және сусындар өндірісі.
«Мұнай өндіруді қалпына келтіру есебінен кен өндіру өнеркәсібінде өсім 3,7%-ға дейін артты. Түсті металдар кенін өндіруде 18% деңгейінде жоғары өсу қарқыны сақталды. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өсім 12,7%-ды құрады. 9,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді», — деді ұлттық экономика министрі.
Ауыл шаруашылығы саласында мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 3,9%-ға ұлғайды. Көрсетілетін қызметтер саласында өсім 4,4%-ды құрады. Сауда көлемі 7,5%-ға, көлік – 5,6%-ға және байланыс – 4,5%-ға өсті.
Р. Дәленовтың айтуынша, биылғы қаңтар-қыркүйекте сыртқы сауда айналымы 1,5%-ға өсіп, $70,4 млрд дейін жетті. Экспорт көлемі – $42,7 млрд, ал импорт $27,6 млрд құрады. Негізгі көрсеткіштер бойынша өңірлердің көбінде өсудің оң серпіні байқалады.
«Құрылыс және негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша артта қалған өңірлер саны қысқарды. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы құрылыс бойынша 3,9% деңгейінде, Маңғыстау облысы инвестициялар бойынша 2,9% деңгейінде оң өсім көрсетті. Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстары 4 көрсеткіш бойынша, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстары 3 көрсеткіш бойынша жоғары өсім көрсетті», — деп түйіндеді Р. Дәленов.