Жыл соңына дейін еліміздің ірі үш қаласындағы жұмыс істейтін жастар жалға берілетін пәтерлерін алады. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Биыл жастарға пәтер беру басталғалы жатыр. Жыл соңына дейін жалға берілетін тұрғын үйлер тапсырылады. Осы орайда бұл пәтерлерге үміткерлерден өтінімдер түсіп жатыр. Бұл тұрғыда үш қаланың әкімдігі тарапынан да тиісті қадамдар жасалуы керек. Алдағы жылы да осы бастама аясында жақсы нәтиже болады», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.
Өз кезегінде ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жастарға тұрғын үйлерді пайдалануға беру қараша мен желтоқсан айларында жүргізілетіндігін жеткізді.
«Аталған қалалар әкімдіктері мәліметінше, екі айдың ішінде жастар тиесілі пәтерлерінің кілтін алатын болады», - деді М. Жайымбетов.
Бұдан бұрын, Д. Абаев 2022 жылдан бастап Қазақстанның барлық өңірінде жастарға жалдамалы пәтер салу мүмкіндігі туралы мәлім еткен еді.