21 қар, 2019 сағат 11:51

Биыл допингке қарсы ережені бұзудың 37 оқиғасы тіркелді - министр

2013 жылдан бастап қазақстандық спортшылардың допингті пайдалануының 307 оқиғасы анықталды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта допингті қолдану әлемдік спорт қозғалысында ең өзекті мәселелердің бірі болды. Допингтен шығатын барлық қауіптілік ауқымын түсіне отырып, оны жоюға бағытталған шаралар кешенін тұрақты негізде жүргізу қажет. Жыл сайын Ұлттық допингке қарсы орталық 3 мың биосынамаларды алу жұмыстарын жіргізеді. 2013 жылдан бастап қазақстандық спортшылардың допингті пайдалануының 307 оқиғасы анықталды. 2019 жылдың 10 айында допингке қарсы ережені бұзудың 37 фактісі белгілі болды», - деді Ақтоты Райымқұлова Парламент Сенатының жалпы отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, допингті пайдалануды жою жөніндегі жағдайды талдай отырып, әлемдік спорт аренасында, оның ішінде Олимпиада ойындарында жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізу мақсатында заңнамалық деңгейде допингке қарсы талаптарды күшейту жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі бар. Атап айтқанда, тыйым салынған барлық препараттар мен субстанцияларды қолдану, тағайындау және тарату үшін жауапкершілікті арттыру қажет.

Айта кетейік, бүгін Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Заң жобасы допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдатуға, Ұлттық допингке қарсы ұйымның мәртебесін күшейтуге бағытталған.