14 сәу, 2025 сағат 10:56

Биыл 23 жасөспірім есірткі қылмысы үшін ұсталды

Фото: ашық дереккөз

Ішкі істер министрлігі ата-аналарға үндеу жасады. Polisia.kz сайтының хабарлауынша, ІІМ кәмелетке толмағандардың есірткі айналымына тартылуына байланысты алаңдаушылық білдіріп, ерекше қырағылық танытуға шақырды, деп хабарлайды Ult.kz.

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы үш айында ел бойынша тыйым салынған заттарды сақтау және тарату күдігімен 23 жасөспірім ұсталған. Олардың қатарында колледждердің бірінші курс студенттері мен 9-11 сынып оқушылары бар.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес, есірткіні сақтау және тарату бойынша қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. 296 және 297-баптарға сәйкес есірткіні сақтағаны және таратқаны үшін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сонымен қатар, есірткіні насихаттау және жарнамалау, соның ішінде интернет пен әлеуметтік желілер арқылы тарату, 299-1-бапқа сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын еске саламыз.

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов ата-аналарды балалардың айналасын және бос уақытында немен айналысатынын мұқият бақылауға шақырды. Оның айтуынша, қауіптің алдын алу – басты міндет.

"Балалардың болашағы біздің қолымызда. Тек бірлесіп қана біз есірткісіз қауіпсіз қоғамды құра аламыз," – деді ол.