24 жылға қатаң режимдегі колонияға сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың анасы ұлына қолдау көрсетуден бас тартқан туыстарына қысым көрсетіп, қорқытқаны үшін айыпталуда. Бұл туралы AIRAN YouTube арнасының материалына сілтеме жасап Ult.kz хабарлады.
2023 жылдың мамырында Қазақстанның бұрынғы шенеунігі Қуандық Бишімбаев әйелін – Салтанат Нүкенованы қатыгездікпен өлтіргені үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда сот процесінде Салтанаттың туыстары Бишімбаевтар отбасының кең ауқымды байланыстары арқылы Қуандықтың қатаң жазадан құтылып кетеді деп алаңдаған еді. Енді сотталған министрдің 70 жастағы анасы Альмира Нұрлыбекова ұлын қолдамаған туыстарынан кек алып жүр деген шағымдар бар.
Бекзат Кемеловаға қатысты айыптаулар
AIRAN мәліметінше, Бишімбаевтың анасы нағашы ағасының әйелі Бекзат Кемеловаға қарсы қылмыстық істі қозғауға ықпал еткен. Оның айтуынша, Бекзат алдау арқылы 1 миллион долларды иемденген. Бекзат Кемелова Бишімбаевтың ата-анасын отбасына қатысты тергеу басталғанын айтып қорқытқан. Ол алдағы уақытта тінту жүргізіліп, табылған барлық зат тәркіленетінін ескертіп, бағалы заттарды өзінде сақтауды ұсынған. Нұрлыбекова оған сеніп, ақшасын берген.
Қайрат Кемеловтің пікірі
Бекзат Кемелованың күйеуі, дәрігер және сот-медициналық сарапшы Қайрат Кемелов бұл айыптарды жоққа шығарып, Бишімбаевтар отбасынан дәлелдерді бұрмалауға көмектесуді талап еткен қысым жасалғанын айтты.
"Салтанат қайтыс болғаннан кейін Бишімбаевтар отбасына көңіл айтуға бардым. Сол күні олар мені мәйітханаға барып, әріптестерімнен Қуандық Бишімбаевты жақтайтын қорытынды алуды сұрауға көндіруге тырысты. Мен бас тарттым, өйткені сарапшылар объективті шешімдер шығарады. Олар бәрібір қатты талап етті. Мәйітханаға барып, басшыны шақырып, объективті қорытынды беруді сұрадым. Сол жерде Салтанаттың туыстары да болды," – деді Кемелов.
Оның айтуынша, Бишімбаевтар Салтанаттың жарақаттары құлаудан болған деп дәлелдегісі келген. Бірақ олар мұны жүзеге асыра алмаған. Енді Қуандықтың ата-анасы Бекзат Кемелованы түрмеге қаматамыз деп қорқытқан.
"Мен бас тарттым, себебі бәрін өз көзіммен көрдім. Мұндай қорытынды сұрай алмайтын едім. Үшінші рет бас тартқаннан кейін олар әйеліме қысым көрсете бастады. Сонымен қатар олар психиатриялық аурухананың басшылығына шығып, Қуандықтың психикалық ауытқуы бар деген қорытынды алуымды сұрады. Бұл ұсыныстан да бас тарттым. Осыдан кейін олар әйелімді маған ықпал етіп жатыр деп айыптады," – деп түсіндірді Кемелов.
Кемелованың тергеу изоляторындағы жағдайы
Қазіргі уақытта Бекзат Кемелова уақытша ұстау изоляторында күдікті болып отыр. Қылмыстық іс 2 қазанда тіркеліп, 24 қазанда оны күдікті деп тану туралы қаулы шығарылған. Қаңтардың 9-ында қаулы табысталып, келесі күні бетпе-бет кездесу үшін келгенде ол ұсталып, изоляторға қамалды. Сот оған екі айға қамауда ұстау шарасын санкциялады.
Кемелов Салтанат Нүкенованың отбасының адвокаты Игорь Вранчевтің көмегімен әйелінің кінәсіздігін дәлелдеп, Бишімбаевтар отбасының қысымын тоқтатуға үміттенеді.