24 сәу, 2024 сағат 20:18

Бишімбаевта "психопат пен абьюзер" белгілері бар – ресейлік психиатр


Фото: Jogargy_sot


Танымал психиатр Василий Шуров әйелін өлтірді деп айыпталған Бишімбаев пен марқұм Нүкенованың қарым-қатынасын талдап, сотталушыда кездесетін психопат пен абьюзер белгілерін атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Клиника Василия Шурова Первый шаг Youtube-арнасына сілтеме жасап.


Психиатр өзі соған жеткізді деп жәбірленушіні кінәлайтындарды сынға алды. Ол мұндай жағдайға кез келген адамның жақыны тап болуы мүмкін екенін айтып, жәбірленушінің орнына өз қарындасыңыз бен анаңызды қойып көріңіздер деп кеңес берді. 


Шуровтың айтуынша, Бишімбаев жағдайына мән беруі керек бірінші нәрсе – оның үш рет отау құрғаны. Ол Бишімбаевтың Нүкенованың көңілін жаулауы нағыз абьюзерлердің әдісі дейді.


“Ол Салтанаттың көңілін табу үшін өзін мінсіз етіп көрсетті, оған қарамағанша аңдуын қоймады. Абьюзердің өз құрбанын құрыққа түсірудің 1-кезеңі – оны толық зерттеу, оған қатысты ақпаратты тауып алу. Адамның қызығушылықтарын біліп алып, өзі де соған қызығатындай кейіп танытады, ортақ тұсымыз көп деп көрсетеді”, –деді ол. 


Айтуынша, көп жағдайда мұндай адамдар ғашық болмайды, оларға межесіндегі адамды қолына түсіру қызық. Құрбанының назарын аудартқаннан кейін ол көбірек көңіл бөлуді талап етеді, дос пен бауырдың орнын басуға ұмтылады.


“Абьюзерлер 2-кезеңде құрбанын құрбыларымен араздастырады, араларына түседі. Осылайша адамды толық бақылауға алады. Мысалы Бишімбаев Салтанатқа жаңа парақша ашқызды, оның хаттарын, қоңырауларын ашып, телефонын тексерді. Кейін өз кәсібі бар қызды жұмысынан айырып, қаржылай тәуелді етуге тырысты”, – деді Шуров.


Оның айтуынша, абьюзерлер әр кезде өзін әртүрлі ұстап, өзгелердің көзінше өзінің мінез-құлқын өзгертеді.


“Бишімбаевта осы белгі байқалады. Ол отбасының көзінше, өзінен төмен адамдардың көзінше өте қызуқанды, ашушаң. Марқұм Нүкенованың ағасы да Бишімбаевтың үстел төңкеріп жібергенін, ата-анасымен қалай сөйлесетінін айтқан еді. Кіші қызметкерлерді де тілдеген видеосы желіде тарап кетті. Алайда сотта Бишімбаев өте ұстамды әрі салқынқанды, ашуын тежейді. Манипуляторлар осындай болады”, – деді маман.


Мәлімдеуінше, сотталушыда нарциссизм мен эгоцентризм белгілері де бар. Ол бір нәрсе дұрыс болмаған жағдайда өзгені кінәлауға дайын тұрады дейді.


Қуандық Бишімбаевтың қылығын талдай отырып, маман абьюзерлерді қалай анықтауға болатынын айтты.