29 нау, 2024 сағат 14:54

Бишімбаев соты. Салтанат Нүкенованың ағасы қарындасының оған жазған хабарламаларын оқыды

Фото: Астана соты баспасөз қызметі

Бүгін экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Онда қаза болған Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Салтанатпен жазысқан хабарламасын оқыды деп хабарлайды «Ұлт Ақпарат».

Ол Салтанаттан 20 наурызда кешкі 10 шамасында хабарлама алған. Онда Салтанаттың бет-жүзі көгерген. Фотоны алғаннан кейін Айтбек Амангелді қарындасын өз үйіне шақырғанын, Бишімбаевтан кетуге үгіттегені туралы баяндайды. Ал Салтанат өзін кінәлап, айыпталушыны ақтайды. Онымен ажыраспайтынын, әрқашан қасында болатынын айтқан. 

Жәбірленуші тараптың сөзінше 2022 жылдың қазан айынан бастап Салтанат жұмыс істеуді тоқтатқан.

Өз сөзінде Амангелді Нүкеноваға отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істейтін пстихологтың телефон номерін бергенін, бірақ ол маманға Бишімбаев баруға бас тартып, ресейлік психологқа 12 мың доллар төлегенін айтты.

Сонымен қатар жәбірленушінің баяндауынша Бишімбаев Нүкенованы үйден шығармаған, жұмыс істеуге, құрбыларымен кездесуге рұқсат бермеген, ұйықтатпаған. Айтбек Амангелді қарындасына: 

«Сен ол жерде қарауылы бар түрмеде сияқтысың... Оны емес, өзіңді ая...», -деген.


«Ол сені өлтіріп тастауы мүмкін» деп те айтқанын жеткізді жәбірленуші. Салтанат ағасына Қуандық өзін жақсы көретінін, барлық армандарын орындап жүргенін, тек өмірі қиын болағанын айтып, оны ақтаған. Бәріне өзін кінәлап, онысыз өмір сүре алмайтынын жеткізген.

«Тек мені бәріне қызғанады, 24/7 менің жанымда болғысы келеді», -дегенді айтқан.


Содан кейін Салтанат ағасы Айтбекке Қуандық оны қаншалықты сыйлайтынын, ол туралы әрқашан жақсы сөздер айтатын жеткізген. 

Айтбек Амангелді қарындасымен хат алмасып жүрген, бірақ Салтанаттың күйеуінен жәбір көріп жүргенін ата-насына 24 наурызда бірақ айтқан. Ол әкесіне Салтанаттың соққы іздері бар суретін көрсеткен.  

«25 наурызға дейін туған-туыстар ештеңе білмеді. Оған дейін ылғи мені олардың отбасына араласып жатқаным үшін кешірім сұра дейтін», -деді жәбірленуші. 


Сонымен қатар сот отырысында Айтбек Амангелді прокурордың сұрағына жауап беру кезінде қарындасы ұялы телефонын Қуандық AirTag арқылы аңдып жүргініне күдіктенетінін айтқанын жеткізді. 

Сонымен қатар ол айыпталушы жиі себепсіз айқай-шу шығаратынын да Нүкенова айтқанын есіне түсірді.

Жәбірленушінің сөзінше Салтанат Нүкенова Қуандық Бишімбаевтан 8 рет кетіп, қайтып барған. Және екі рет мұсылмандық дәстүрмен мешітке барып, некелерін қидырған.

Қарындасының қазасын Айтбек Амангелді алғаш рет Салтанаттың құрбысынан естігенін айтады. 

Айта кетейік, бүгін, 29 наурызда алқабилердің қатысуымен Астана қаласында экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев азаматтық әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деп айыпталып отыр. Еске салайық, айыпталушы Бишімбаев өз кінәсін мойындамайды.