06 мам, 2024 сағат 14:53

Бишімбаев пен Байжанов соттағы соңғы сөзін айтты


Фото: Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты


Көпшіліктің назарын аударған атышулы Бишімбаевтың соты аяқталуға жақын. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатқан сот процесінде бүгін екі айыпталушы – Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды «Ұл ақпарат». 


Қуандық Бишімбаев бұған дейін алға тартқан фактілерді тағы бір мәрте еске салып, Салтанат Нүкенованы қатыгездікпен өлтірмегенін жеткізді.


Сөз арасында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистік Германияның насихат министрі болған Геббельстің «өтірік сұмдық болған сайын оған сену оңай» деген пікірін қосып, әлеуметтік желілер арқылы бүкіл қоғам өзін қаралап жатқанын атап өтті.


«Мен кінәлімін. Мойындаймын. Бірақ қасақана өлтірген жоқпын. Мен Салтанаттың және өзімнің туған-туыстарынан кешірім сұрап, алқа билер әділ шешім шығаратынына сенем», - деді Бишімбаев.


Бақытжан Байжанов та соттағы соңғы сөзін айтып, Салтанаттың өлімін жасыру былай тұрсын, өлім аузында жатқанын білмегенін алға тартты.


«Иә, қызметкерлерді үйлеріне қайтарып, мейрамхананы жауып, бейнежазбаларды өшіруді бұйырғанымды жасырмаймын. Бірақ мен сол кезде ауыр қылмыс жасалғанын білдім бе? Ант етемін. Білмедім. Егер білгенде қылмысты жасыру әрекеттерінің ешқайсысын жасамайтын едім. Салтанаттың туған-туыстарынан тағы да кешірім сұраймын. Жатқан жері жайлы болсын», – деді Байжанов.


Сот процесі 10 мамырда жалғасады.