2025 жылға дейін Қазақстанның Ұлттық біліктілік жүйесі халықаралық деңгейде мойындалатын болады. Бұл туралы бүгін Салалық кәсіптік стандарттарды әзірлеу мәселелері бойынша біліктілік жөніндегі ұлттық кеңес отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық біліктілік жүйесінің негізгі мақсаты - елімізде экономиканың талабына, еңбек нарығына сай сапалы, білікті кадрлар дайындау. Бұл жүйенің құрылымы қарапайым, үш түйіннен тұрады. Ең бастысы - бизнес өкілдері, жұмыс берушілер білім беру жүйесіне сол маманның білімі, біліктілігі, дағдысы жөнінде талабын қоюы. Оны кәсіптік стандарт дейміз. Екіншіден, сол кәсіптік стандарттарға білім жүйесіндегі стандарттары не бағдарламалары бейімделуі, болмаса жасақталуы керек. Үшіншісі, бізде қазір білім беру ошағы өзі оқытады, диплом береді. Өркениетті елдерде оны Тәуелсіз бағалау орталықтары береді. Бізде де соны құру қажет», - деді министр.
Оның дерегінше, ұлттық біліктілік жүйесін дамыту екі бағытта жүргізіліп жатыр. Бірінші бағытта биылғы жылдың соңына дейін ел экономикасының 12 басым саласы бойынша 36 салалық біліктілік шеңбері мен 480 кәсіптік стандарты дайындалатын болады.
«Екінші бағытта стратегиялық іс-әрекеттерімізді айқындау үшін 2025 жылға дейінгі Жол картасын әзірледік. Жол картасына сәйкес шаралардың екі кезеңі болады. Бірінші кезеңде біз 2019-2020 жылдары кәсіптік стандарттарды әзірлеп, оларды білім беру процесіне енгізуді аяқтауға тиіспіз. 2021-2025 жылдары біз заңнамалық база қалыптастырып, біліктіліктердің халықаралық танылуын қамтамасыз етуіміз қажет», - деді Біржан Нұрымбетов.