Өзбекстан астанасында Қазақстанның медицина күндері өтіп жатыр. Ташкенттегі форумға елімізден ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшісі Дархан Сатыбалды бастаған 150 делегат қатысуда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақстанда инновациялық технологиялар мен алдыңғы қатарлы медицина ғылымының жетістіктерін тәжірибеде қолдана отырып, халықаралық талаптар деңгейінде жоғары технологиялық медициналық қызметтер ұсынатын Орталық Азиядағы жетекші көп салалы клиникалар шоғырланған. Олардың ішінде – Ұлттық нейрохирургия орталығы, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы, Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты, Сызғанов атындағы Ұлттық институт бар», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Дегегаттар қатарында жетекші медициналық орталықтардың, мамандандырылған медициналық және санаторий ұйымдарының, фармацевтика өндірушілерінің, медициналық университеттердің, консалтинг компаниялардың өкілдері бар.
«Қазақстанда денсаулық сақтау саласы – мемлекет басшысының ерекше назарында болатын басты басымдықтардың бірі. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан Үкіметінің денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржыны кезең-кезеңімен ұлғайта бастайтыны осыған дәлел бола алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласына кететін шығындарды қазіргі деңгейден 2025 жылдың жалпы ішкі өнімінен 3,2%-дан 5% -ға дейін жеткізу керектігін айтты. Сонымен бірге, Елбасының тапсырысы бойынша 2025 жылға қарай алғашқы медициналық-санитариялық көмек пен халықтың денсаулығы үшін бөлінетін шығындар үлесі 60% дейін жеткізілетін болады», - дейді ол.
Елжан Біртанов Өзбекстан денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен «Өзбекстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» орденімен марапатталды және Ташкент медициналық академиясының профессоры атағына ие болды.
Сондай-ақ, іс-шара аясында Қазақстан Республикасының жетекші медициналық мекемелері туралы презентация материалдар қойылған көрме өтті. Нәтижесінде екі елдің медициналық мекемелері мен университеттері арасында бірқатар меморандумға қол қойылды.