02 қаз, 2024 сағат 13:05

Бірнеше облыста заңсыз онлайн ойын бизнесін ұйымдастырушылар ұсталды

Фото: pexels.com

ҚМА елдің бірнеше облыстарында жұмыс істеген заңсыз онлайн ойын бизнесін ұйымдастырушыларын Солтүстік Қазақстан облысында анықтады. Бұл туралы ведомствоға сілтеме жасаған Ult.kz хабарлайды.

100 мың теңгеге дейінгі ставкалары бар покер ойындары Club GG жалпыға қолжетімді қосымшасында мыңдаған аудиторияны тарта отырып, 40-тан астам ойын үстелдерінде өткізілді.

Құмар ойындарға қатысу үшін сайтта баланс толтыру мүмкіндігі бар және қатысушыларды тарту үшін 20 операторы жұмыс істейтін Call-орталығы бар телеграм-арнаға сілтеме жарияланған. Ұтыс ставкалары мен төлемдері қатысушылардың карт-шоттары арқылы жүзеге асырылды.

"Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін құқық бұзушылар айналымның 10% алып отырған. Жыл басынан бері ғана қатысушылардың банктік шоттарына түскен қылмыстық табыс сомасы 55 млн теңгеден, қатысушылардың саны 4 мың пайдаланушыдан асады.
Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Жетісу облыстарындағы тұрғылықты жерлері бойынша, автомашиналарда, кеңселерде ондаған ноутбуктер мен компьютерлер, ұялы телефондар, ақша қаражаттары,мемлекеттік тіркеу нөмірлері табылды", - делінген ҚМА хабарында.


Сонымен қатар иісі бар өсімдік тектес есірткі заты, қаруға арналған оқ-дәрілер мен өзге де құжаттар табылды.

Телеграм-арна бұғатталып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.

Жалпы, жыл басынан бері Агенттік 19 заңсыз жасырын, онлайн казино, 1 букмекерлік кеңсе, TikTok, Instagram әлеуметтік желілеріндегі ойындардың 11 онлайн трансляциясы, 12 ойын автомат залы және ойын терминалдарының заңсыз қызметінің 3 фактісін тоқтатты.

1200-ге жуық ойын автоматтары, терминалдар, покер үстелдері, рулеткалар, сондай-ақ 262,7 млн теңге сомасында ақшалай қаражат тәркіленді.

Айта кетейік, ҚМА-ның заңсыз ойын бизнесімен күрестегі қызметі алдын алу шараларына бағытталған. "Кибернадзор" ақпараттық жүйесі арқылы заңсыз мазмұндағы 5,8 мың сайт пен сілтеме бұғатталды.