28 ақп, 2017 сағат 08:42

Бірде сылбыр, бірде қарқын алған қазақ көші

Елімізде көші-қон саясаты жүзеге асқалы атақонысына көш түзеген қандастардың саны артты. Алайда жырақтағы 5 млн қазақты Отанға қалай әкелуге болады? Қытайдың ресми дереккөздері бойынша, 1,5 миллион, ресми емес дереккөздері бойынша 2,5 миллион қазаққа, сондай-ақ Өзбекстандағы 1 миллион 600 мың қандасымызға арқа сүйеуге бола ма? Мұның сыртындағы Ресейдегі 800 мың, Моңғолиядағы 120 мың қазақты қайда қоямыз?

Өкінішке қарай, еліміз Тәуелсіздік алған 25 жылда бір миллионға жуық қана қандасымыз елге оралыпты. Бұл бағытта бірде сылбыр, бірде қарқын алған көші-қон саясатының қаншалықты жұмыс істегені көпшілікке мәлім. Мәселен, Қазақстанда 2016 жылы 16 мың 417 отбасы немесе 33 мың 754 этникалық қазақ тарихи Отанына оралып, оралман мәртебесін алды. Олардың көпшілігі, яғни, 65,5 пайызы – Өзбекстаннан келген. Сондай-ақ, 24,9 пайызы – Қытайдан, 3,2 пайызы – Түркіменстаннан, 2,7 пайызы – Моңғолиядан, 3,7 пайызы – өзге елдерден оралған қандастар. Олардың 65,4 пайызы – еңбекке қабілетті жаста. «Кейбір заңнамалық актілерге халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңында этникалық қазақтарды тарихи отанына оралуын ынталандыру мақсатында: этникалық қазақтарға қоныстану өңіріне қарамастан оралман мәртебесін беру. Оларға шетелдік азаматтарға қарағанда көші-қон полициясына хабарласу арқылы төлем қабілетін растаусыз уақытша тұру ықтиярхатын алу мүмкіндігі беріледі; сондай-ақ этникалық қазақтарға Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда әлеуметтік жиынтық беру. Бұдан бөлек еліміздің кез келген өңірінен Үкімет айқындаған екінші өңірге қоныстанған оралманның әлеуметтік қолдауды алуға мүмкіндігі бар. Егер олар қоныстанған өңірден 5 жыл мерзімнен бұрын қоныс аударып кететін болса, алған көмектерін Үкіметке қайтару міндеттері де қарастырылған. Ал оралмандарға Қазақстан Республикасының азаматтығын беру мерзімін уақытша тұру ықтиярхатын алғаннан кейін 1 жылға дейін қысқарту көзделеді. Бүгінде министрлік еңбек, әлеуметтік қорғау және даму комитеті оралман мәртебесінен айрылып, Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіпте ала алмаған этникалық қазақтарға оралман мәртебесін екінші мәрте қайтара беруге шешім шығарды.

Оралман мәртебесінен айрылған этникалық қазақтарға мәртебесін қайта алу үшін облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына, Алматы қалалық миграция және еңбек инспекциясы басқармасына, Астана қалалық жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасына өтініш білдіріп, құжат тапсыруы керек. Оралман мәртебесін қайтадан алған соң этникалық қазақтар тіркелген жері бойынша миграциялық полицияға азаматтықты жеңілдетілген тәртіпте қайта алуға өтініш бере алады. Өтініш үш ай мерзімде қаралады. Оралман мәртебесін екінші рет алғанда оралман куәлігі емес, анықтама беріледі. Анықтама алған күннен бастап алты ай аралығында оралмандар миграциялық полиция басқармасына құжат тапсырып үлгеруі керек екен.

Шын мәнінде, тәуелсіздік алған 25 жылда елімізге бір миллионға жуық қандастың оралуы аз ба, көп пе? Жырақтағы 5 миллион қазақты біртіндеп көшіріп алуға не кедергі? Ертеңгі күні олар түпкі тамырынан қол үзіп, сол елдің саясатына жұтылып кетпеуіне кім кепіл? Осы сынды сан түрлі сауал кім-кімді де мазалайтыны белгілі. Алайда атақонысына келуге асық қандастарға бүгін мүмкіндік туғызбасақ, ертең қолымызды мезгілінен кеш сермеп қалмаймыз ба?

Күнгейден теріскейге бағыт алған көш үмітті ақтай ма?

Бір айта кетерлігі, атамекеніне келген қандастардың көбі оңтүстік өңірлерді мекендегісі келеді. Ал қазақылануы кешеуілдеп және еңбек күші жетіспей жатқан солтүстік аймаққа баруға ниетті емес. Бәлкім, орыстілді ортаға бейімделудің қиындығынан қашқақтай ма, әлде ауа райының қолайсыздығын алға тарта ма, кім білсін?

Үкімет бағдарламасына сай Оңтүстіктегі әлеуметтік тұрмысы төмен елді мекендер халқын елдің солтүстік облыстарына көшіру жұмыстарына жан бітті. Елдің оңтүстігінен солтүстігіне көшкісі келетін тұрғындар қоныс аударудың басты себебі ретінде жұмыссыздықты айтады. Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, бұл мәселенің демографиялық қыры да бар. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Қызылсеңгір ауылының тұрғыны, үш жылдан бері теміржолшы мамандығы бойынша жұмыс таппаған Батыржан Лесбаев Солтүстік Қазақ­стан облысына көшуге қамданып жүр. «Бізде тұрақты жұмыс жоқ. Өйткені халық көп, тығыз. Әр жерде бір жалданып жұмыс істеуден шаршадым. Үйдегі жеті жан – әке-шешем, інім, әйелім мен екі балам бар бәріміз шешемнің зейнетақысына қарап отырмыз. Тұрақты жұмыс тауып берсе, жердің түбіне болса да барамыз», – деген-ді Батыржан Лесбаев.

Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәтжан Полатовтың айтуынша, жыл басынан бері Батыржан Лесбаев сияқты солтүстікке көшуге ниетті адамдар көбеюде. «Солтүстік Қазақстан ұсынып отырған жұмыс орындарының көбі – ауыл шаруашылығы саласында. Жұмыссыз жүріп, нәпақа табу қиын болып тұрғанда Солтүстік Қазақстан облысында жасалып жатқан жеңілдіктерді пайдаланған абзал. Көшіп бару тегін, шығын өтеледі. Жекешелендіруге бермесе де, уақытша тегін тұруға баспана беріледі. Жұмысқа орналастырылады. Бар қиындығы ауа райында, солтүстіктің қысы – ұзақ, жазы – қысқа болмаса, басқа қиындық жоқ», – дейді Сәтжан Полатов. Оның айтуынша, былтыр 100-ге жуық отбасы облыс әкімдіктерінің өзара келісімі бойынша Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарына тегін көшірілген. Ол азаматтар әкімдіктердің демеуімен жұмысқа тұрып, баспаналы болды.

«Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасына енгізілген жаңа тармақ бойынша Үкімет оңтүстік аймақтарды – халқы көшуші, солтүстік аймақтарды – көшті қарсы алушы аймақтар ретінде белгіледі. Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасарының сөзінше, азаматтарды түстіктен теріскейге көшірудің демографиялық себебі де бар. Сәтжан Полатов бұл сөзіне «Оңтүстік Қазақстан облысында – 3 миллионға жуық, ал Солтүстік Қазақстан облысында 600 мыңдай ғана тұрғын бар» деген деректі уәж етеді. «Солтүстік Қазақстан облысының халқы көрші Ресейге және облыс орталығы Петропавлға көше бастаған. Ауылдарда адам саны азайғаннан соң мектеп пен балабақшалар жабылып жатыр. Ол жақта жер кең, игеруге адам жетіспейді. Түпкі ой – демографияны көтеру, жұмыссыздықтың алдын алу», – дейді.

Бүгінде оңтүстіктен солтүстікке бет алған қазақтардың үміті ақтала ма деген заңды сұрақ туындайды. Осы ретте белгілі экономист Айдархан Құсайынов ойын ашық айтыпты. «Түпкі  экономикалық саясат пен дәйектеме жоқтың қасы. Адам көшіп келді делік. Орналасты, жәрдемақыны пайдаланды, ары қарай не істейді? Ол үшін ең бастысы – бизнеске қолайлы жағдай жасау керек. Тұрғындарды көшірмес бұрын, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау қажет», – дейді білікті маман. Ал экономикалық шолушы Денис Кривошеев: «Елді урбанизация жаулап алды. Қала халқының саны үздіксіз өссе, ауыл халқының саны, керісінше төмендеп барады. Адамның қай жақтан қоныс аударғаны маңызды емес, ауылдықтар қалада тұруға экономикалық жағынан да, психологиялық жағынан да бейімделмеген. Бұл  үрдіс қосылған құнды қалыптастырмайды, керісінше шайып кетеді. Оларды орнықтыру үшін бюджетті кеңейтуге тура келеді» дегенді айтады.

 Солтүстікті қазақыландыруға 85 млрд теңге бөлінді

Солтүстік облыстарды қазақыландырудың маңызы зор. Мұны үкімет те жақсы түсініп, маңызды қадамдарға барып отыр. Нақты айтқанда, бұл түйткілді оңтүстік халқын солтүстікке қоныстандыру арқылы шешуге болатыны айқын. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін, 2017 жылға қазынадан 85 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы  «Корпоративтік секторда әйелдердің мүмкіндігін кеңейту» атты халықаралық форумда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта оңтүстік өңірлерден солтүстікке қоныстану бойынша бағдарлама қолға алынды. Алғашқы жұмыстар басталып та кетті. Ең біріншіден, Білім және ғылым министрлігінің «Серпе» бағдарламасы аясында солтүстік облыстарға студенттер келуде. Біздің бағдарлама бойынша да бұл жұмыс жалғасын табады. Биылдың өзінде бұл бағдарламаға республикалық бюджеттен 45 млрд теңге, жергілікті бюджеттерден 40 млрд теңге қарастырылған. Яғни, 85 млрд теңге осы бағдарламаны жүзеге асыруға бөлінуде», – деді министр.

Оңтүстік халқын солтүстікке көшіру ерікті түрде жүреді. Оларға үкімет тарапынан да айтарлықтай көмек көрсетіледі. Нақты айтқанда, қоныс шығындары есебінде отбасы мүшелерінің әрқайсысына 35 АЕК көлемінде (79 мың теңге) өтемақы беріледі. Бұдан бөлек бір жылға дейін пәтер жалдауға жұмсалатын шығын мемлекет есебінен төленеді. Оған әлеуметтік қамсыздандыру, көші-қон квотасын қосыңыз. Мұның бәрі солтүстік өңірлерді қазақыландыру үшін қабылданып отырған батыл қадам. Осы арқылы шекаралық қауіпті сейілтіп, пайда болуы мүмкін териториялық даудың алдын алуға болады дейді мамандар.

Үкіметтің ішкі көші-қонды жүйелеп, жұмыс күшін дұрыс бөлуді реттейтін қанатқақты жобасына сәйкес, 463 отбасына бөлінген квотаның 22-сі Қостанай, 40-ы Шығыс Қазақстан, 101-і Солтүстік Қазақстан, 300-і Павлодар облыстарына тиесілі. Себебі Шығыс Қазақстан өңірінен жыл сайын 35 мың адам көшеді, келушілер мұнан да аз, жалпы, бес жылда тұрғындар 40 мың адамға кеміген. Ал Солтүстік Қазақстанда көші-қон осы бағытпен кете берсе 2030 жылға қарай қазіргі 570 мың тұрғыннан 300 мың ғана қалады. Үкімет бағдарламасына сай қоныс аударушыларға тұрғын үй мен жер телімінен бөлек жылыжай және бау-бақша шаруашылықтарын дамыту үшін несие беру көзделген. Көшіп келу шығындарынан бөлек 5-6 жаны бар отбасы Үкіметтен орта есеппен 500 мың теңгеге жуық көмек алады, 5 жылға 5 миллион теңгедей несие де ала алады, бірақ кері көшсе түгел қайтарады. Оларға егін саламын десе жер телімі де беріледі. Бұдан бөлек Үкіметтің «Серпін-2050» бағдарламасына сәйкес педагогика, ауылшаруашылығы, медицина, техникалық мамандықтарға 3162 грант бөлінген болатын. Егер студенттердің көпшілігі орталық және солтүстік аймақтағы университеттерде білім алса, тіпті сол өңірде жұмыс істесе, болашақта солтүстік аймақ қазақыланады деген үміт бар.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ,

"Түркістан" газеті