05 қар, 2020 сағат 06:00

Бір күнде коронавирус пен пневмониядан 7 адам қайтыс болды

4 қараша күні Қазақстанда 209 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталды. Бір күнде 64 адам жазылды. Тәулік ішінде аурудың осы түрінен 1 адам қайтыс болды.

Қазақстан билігі ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін 1 тамыздан бері жүргізіп келеді. Үкімет дерегінше, тамыздың басынан 4 қарашаға дейін 38 490 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған: 28 963 адам жазылған, 406-ы қайтыс болған.

Өткен тәулікте коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталған науқастар арасында 6 адам өлімі тіркелген. 13 наурыз бен 4 қараша аралығында 114 мыңнан аса адамның коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған, 1873-і қайтыс болған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір коронавирус пневмониясынан 5 223 адам емделіп жатыр (Оның арасында 340 бала бар). Оның 2 572-сі стационарда ем қабылдауда. 148 науқастың ахуалы нашар, 25 адамның жағдайы - өте ауыр, 26 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.