17 сәу, 2024 сағат 15:39

Бір-бірімізді сынайтын уақыт емес, сындарлы уақыт – атыраулық ерікті


Фото: Үкімет


Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Жылыой ауданындағы су тасқыны жағдайы қатаң бақылауда. Құлсары қаласында Жем өзенінің су деңгейі тәулік ішінде 20 сантиметрге төмендеген. Жалпы су тасқыны басталғалы 136 см-ге дейін төмендегені байқалады. Барлық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Су тасқыны салдарын жою үшін 229 бірлік техника, жеке құрамнан 3066 адам, 17 бірлік жүзу құралдары, 31 бірлік мотопомпа жұмылдырылған. Қазіргі таңда Құлсарыда 2748 тұрғын үй мен әкімшілік нысан су астында. Су басқан тұрғын үйлерден су тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы орайда Ult.kz тілшісі Атырауда тасқынмен күрес жолында жүрген ерікті болып жүрген Шалқарбай Ізбасаровты сөзге тартып көрді.


Еріктінің айтуынша, биыл Атырау облысында ахуал біршама қиындаған.


«Ең бірінші, су бізде жеті аудан бар, Қызылқоға ауданына келді, Атырау мен Ақтөбенің ортасында. Қызылқоға ауданы қазақи аудан, ән мен жырдың бесігі атанған. Ол аудан санаулы ғана техникамен, өндіріс жоқ, мал шаруашылығымен отырған аудан ғой. Он шақты техника мен аудан орталығы, Миялы ауылын және әрбір окургтер 2-3 техникамен қорғап алып шықты. Халықтың  еңбегі, бірліктің арқасы, әкімшілікпен бірігіп жұмыс істеді. Қаладағы барлық азаматтан, еріктілер, төтенше жағдай қызметкерлері барды. Соның барлығымен дер уақытында қимыл жасап, алдын алып, ауылды, аудан орталығын бірліктің арқасында аман-есен алып қалды.
Одан кейін су  Атырауда Жылыой ауданы, Құлсары қаласына келді. Осы Құлсары суға кетіп, қазір үлкен мәселе болып жатыр. Жем өзені Ақтөбеден бастау алады, Құлсарыға келіп Құрсай өзеніне құяды, бұл өзен Құлсарының ортасынан өтеді. Су тасып кетіп, қаланың 50 пайыздан астам жерін су алып кетті, біраз үйлер су астында қалды, біраз адам бас сауғалап кетті. Тұрғындар эвакуацияланды. Халық өте ұйымшылдықпен жұмыс істеп, әлі де жанкештілікпен күресіп жатыр. Ауылдың үлкен-кіші, ер-әйел, бала-шаға демей еңбек етіп жатыр», дейді Шалқарбай Сайлаубайұлы.


Еріктінің сөзіне, ресми мәліметке сүйенсек, Жылыой ауданында өкінішке орай осы уақытқа дейін 4 адам қайтыс болған. Мал шығыны бар, бірақ нақты саны белгісіз. Қазір судың деңгейі түскенімен, енді апаттың салдарымен күресіп жатыр.


«Қаланы тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр, арнайы комиссиялар құрылды, су астында қалған үйлерге, тұрғындарға , басқа ғимараттарға өтемақы жөнінде жұмыс істейді.
Осы жағдайға байланысты Жылыойға Мәжіліс депутаттары келді, басқа да жанашыр азаматтардың барлығы қолдан келген көмегін беріп жатыр. Қазақстанның түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмектер келіп жатыр. Шекараның арғы жағы қырғыз бауырлардан, Дағыстаннан, басқа да елдерден гуманитарлық көмек келіп жатыр. Атырау облысында штаб құрылды. Сол штабтың да көмегі поездармен жөнелтіліп жатыр. Құлсары-Атырау трассасы уақытша іске қосылды, тасқын су Құлсарыдан 25 км шыға берістегі тас жолды бұзып кетті. Қатынас сол уақытша жолмен қатынап жатыр, бұған дейін қатынас болмай барлық адам Құлсарыға поездбен және төте жолмен қатынаған болатын. Әрине, барлық жерде, барлық аймақта медициналық-психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Адамның көптігіне, әртүрлі жағдайларға байланысты кешігіп жатқан нүктелер де бар.

Атырау облысындағы барлық мектептер мен колледждер онлайн режимге ауысты. Университеттің студенттері, ректорынан бастап, профессор-ұстаздары, мектеп-колледждердің ұстаздары барлығы қазір Жайық жағасында бөгет соғу, қапшыққа құм толтыру жұмыстарында жүр. Осы бойынша 24/7 жанкешті еңбек етіп жатыр», дейді Шалқарбай Ізбасаров.


Оның сөзінше, қазір билік пен бұқара бірге жұмыс істеп жатыр. Ең бірінші, елдің амандығы.


«Қазіргі уақыт бір-бірімізді сынайтын, дауласатын уақыт емес, қазір «күшіміз – бірлікте» ұранымен, бірлік бар жерде тірлік бар деп, ұйымшылдықпен тірлік ететін уақыт. Ең бірінші, елдің амандығы.  Жайық Атыраудың қақ ортасында ағып жатқан өзен, бұл Ресейден бастау алып, Каспиге барып құяды. Сондықтан Жайықтың бір беті  Еуропада, бір беті Азия, бұл өзен көпірлері арқылы Еуропа мен Азияны жалғап жатыр. 

Жалпы Жем өзені Ақтөбе облысы Мұғалжар тауынан бастау алып, Жылыой ауданы, Құлсары қаласының үстін кесіп өтіп, Каспи теңізіне құяды.

Жалпы Жайыққа үлкен қауіп төніп тұр деп әртүрлі ақпараттар айтылды, әлі де қорқыныш жоқ емес, бірақ тиісті жұмыстар істеліп жатыр. Басшылық та, басқа да, еріктілер бар барлығы күндіз-түні аянып жатқан жоқ. Әлі де жұмыстар істеліп жатыр. Шамамен ғалымдардың айтуынша, осы айдың 20-25-і аралығында Орынбордан аққан су Атырауға келеді деп жатыр. Жолдың бойында Индер, Жайықтың жағасында Махамбет ауданы мен Исатай ауданы бар, осы үш ауданда қазір үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Аудандардағы әрбір каналдар ашылып, Жайық суының деңгейін азайту мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

Жалпы қазір Атырау ағайындарында тасқын судан аман қалсақ, мал-жанымыз, өзіміз аман қалсақ, ел-жұрт аман қалса, тасқын судан зардап шекпесек деген ниет бар. Үкіметтен де тиісті қолдаулар беріліп жатыр. Әлі де қолдау, көмектер берілсе, артықтық етпейді.
Мен де мәдениет саласының қызметкері ретінде ұжымыммен бірге осы Жайық жағасында жұмыс істеп жатырмын. Атырау облысының барлық мекемелері, әрбір саланың барлығы қазір күндіз-түні қызмет етіп жатыр. Қаланың, туған үйдің, туған жердің амандығы бәрімізге қымбат», дейді ақын Шалқарбай Сайлаубайұлы.


Айта кетейік, осы төтенше жағдайға байланысты облыстағы үлкенді-кішілі мәдени, рухани, көпшілік шаралардың барлығы тоқтатылған.