Әлеуметтік желіде ағылшын тілі оқулығының грек және қазақстандық нұсқаларының ұқсастығы туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Елдос Нұрланов пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Әлеуметтік желілерде ағылшын тілі оқулығының грек және қазақстандық нұсқаларының ұқсастығы туралы ақпарат тарады. Бұл оқулықтың грек нұсқасының жоғын бірден атап өткім келеді. Express Publishing баспасы әзірлеген ағылшын тілі оқулығы алғаш рет Ұлыбританияда 2013 жылы жарық көрді. Smiles оқулықтар топтамасы халықаралық аренада мойындалып, Қазақстан ғана емес, Грекия, Чехия, Польша, Испания, Португалия, Сауд Арабиясы, Сербия, Хорватия, Украина, Болгария, Латвия мен Литва және т.б. елдерде қолдануға ресми түрде рұқсат алған. Демек, шет тілін жетік меңгеру мақсатында сол тілдің Отаны есептелетін мемлекеттің үздік деп танылған әдістемесін, оқулықтарын алып пайдалану – әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Бірқатар елде Smiles оқулықтары түпнұсқада қолданыла береді (халықаралық нұсқа). Қазақстандағы нұсқасы Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына және ағылшын тілі пәнінің оқу бағдарламаларына сәйкестендіріліп бейімделген. Атап айтқанда, оқулық тақырыптары, оқу мақсаттары, иллюстрациялары мен оқу материалдары айтарлықтай өзгертілді. Нәтижесінде, оқулықта авторлардың әдістемелік көзқарасы сақтала отырып, мазмұнының жартысына жуығы жаңартылды. Халықаралық және қазақстандық оқулықтар нұсқаларының айырмашылығын олардың тақырыптарынан байқау қиын емес (суреті төменде)» деп жазды орталық директоры Facebook парақшасында.
Оқулықты тікелей қолданып жүрген мұғалімдер мен оқушылардың пікірінше, Smiles ағылшын тілін үйренуде айтарлықтай тиімді.
Мұны оқу процесінен бөлек, зияткерлік сайыс нәтижелерінен де көруге болады.
«Мәселен, 24 маусымда бастауыш және негізгі мектеп ағылшын тілі мұғалімдері мен оқушыларына арналған республикалық байқауға 3,5 мың үміткер қатысты. Барлық жүлдегер Express Publishing баспасы әзірлеген оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендері бойынша білім алатындықтарын атап өткен. Smiles оқулықтары мен ОӘК «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ресми педагогикалық және лингвистикалық сараптамасының оң қорытындысымен қатар (2016 жылы), «KazTEA» Қазақстан Республикасының ағылшын тілі мұғалімдері мен оқытушылары ассоциациясының жоғары бағасына ие болды» деп атап өтті Елдос Нұрланов.
Айта кетерлігі, Грекияда бұл оқулықтың британдық түпнұсқасы қолданылады. Әлеуметтік желілердегі пост авторлары «гректікі» деп атаған айқарма беттер түпнұсқадан алынған.
«Айқармалар «Smiles magazine. Our World» (Smiles журналы. Біздің әлем) деп аталатын айдарға жатады. Ондағы тапсырмалар үш түрлі мемлекеттің мәдени ерекшеліктерін салыстыру арқылы материалды бекітуге арналған. Мұнда қазақстандық компонент «танысу - салыстыру - қолдану» әдістемелік қағидаты бойынша берілген. Яғни, оқушы алдымен мағлұматты ағылшын тілді елдің мысалында оқиды, содан кейін оны басқа елмен салыстырып барып, республикамызға қатысты мысалмен қорытындылайды» деп түйіндеді сөзін Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Елдос Нұрланов.