11 жел, 2023 сағат 11:42

Білім бөлімінің лауазымды тұлғалары 200 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Фото: Freepik

Аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғалары 200 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қызылорда облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қызылорда облысының прокуратурасы Жаңақорған аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр.

Прокурорлар бюджет қаражатын білім беру жүйесінде жұмыс істемейтін тұлғалардың есепшотына заңсыз аудару фактілерін анықтады.

Сонымен қатар жалған еңбекке жарамсыздық парағы мен іссапар шығындары бойынша бюджет қаражатын жымқыру схемасы әшкереленді.  

Аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғаларының әрекеттерінен келтірілген шығын 200 млн теңгені құрады" - делінген хабарламада.

Аталған дерек бойынша облыстық прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Айта кетейік, бұған дейін прокурорлар сол аудандағы мектептердің есепшілері мектептерде жұмыс істемейтін тұлғалардың есеп шоттарына заңсыз ақша аударып, жымқырғанын анықтаған болатын.

Оларға қатысты қылмыстық істер сотқа жіберіліп, кейбіріне қатысты айыптау үкімі шығарылды.