Елордада өтіп жатқан «Мектеп әлемін өзгертетін - ұстаздар» конференциясында еліміздегі жалпы мектептер болашақта Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесімен жұмыс істейтіні айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мұғалім мәртебесін көтеретін нағыз мұғалімдер екеніне тағы бір көзіміз жетіп отыр. Еліміздің болашағы осындай ұстаздардың қолында», - дейді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каримова.
Ол ҚР Білім және ғылым министрлігі атынан бұл конференция бүгінгі күні білім беру жүйесінің өзекті мәселелерін талқылайтын бірден-бір инновациялық алаң болып отырғанын айтты.
«Қай заманда болса да, білім, мәдениет және құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін тек қана мұғалім екені түсінікті. Бүгінгі күні білім саласындағы басты стратегиялық бағыттардың бірі - Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін Қазақстандағы жалпы білім беретін мектептерге тарату. Осы істі атқарып отырған барлық әріптеске алғыс айтқымыз келеді», - дейді ол.
Күн тәртібіне бүгінгі таңда әлемдегі барлық педагогтарды толғандыратын «мұғалім - оқушы» серіктестігі, жаһандық құзіреттілік, мұғалімдердің үздіксіз білім алуы, білім мазмұны мен бағалау, қолайлы білім беру ортасын құру сияқты өзекті мәселелер енгізілген.