ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов екінші индустриялық бесжылдықтың нәтижелерін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2019 жыл екінші индустриялық бесжылдықты іске асырудың соңғы жылы болып отыр. Бағдарламаны іске асыру жылдары Қазақстанда жаңа индустриялық база пайда болды. Ол еліміздің көптеген өңірлерінде өнімді жұмысты және экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етті. Өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындары 43 трлн теңгенің өнімін (2010-2019 жылдары) шығарды. Қараша айында өңдеуші өнеркәсіп өндірісінің көлемі бір айда алғаш рет 1 трлн теңгеден асып түсті», - деді Атамқұлов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен «Алтын сапа» сыйлығын табыстау рәсіміне арналған жиында.
Осы орайда, министр саладағы еңбек өнімділігі 35 мың долларға жеткенін атап өтті.
Сонымен қатар, салада негізгі капиталға инвестиция ағыны аталған мерзімде 4,5 трлн теңгеден (2015-2019 жылдары) асты.
«Аталған мерзімде қазақстандық кәсіпорындар өңдеуші өнеркәсіп өнімдерін 70 млрд доллар көлемінде экспорттады. 2015 жылдан бері 5 трлн теңгеге жуық инвестиция көлемімен Индустрияландыру картасының 500-ден астам жаңа жобасы іске қосылды», - деді министр.
Сонымен қатар, ведомство басшысы металлургияда өндіріс көлемі 2,2 есеге артқанын жеткізді.