30 қыр, 2020 сағат 08:12

Бетпақдалада екі адам 700 келі есірткімен ұсталды

Түркістан облысындағы Бетпақдалада Нұр-Сұлтан қаласы мен Жамбыл облысының тұрғындары 700 келі есірткімен ұсталды.

Бұл туралы облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Асылжан Қалдарбековтың айтуынша, күдіктілер «Қарасора-2020» жедел-іздестіру іс-шаралары аясында Созақ ауданының аумағында қолға түскен. Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Созақ АПБ полицейлері және жергілікті қорықшылармен бірге есірткінің ірі партиясын тасымалдаған «Тойота Ланд Крузер» автокөлігін ұстаған.

 

Жедел уәкілдер көлікті тінту кезінде ішінен 37 полиэтилен қапшығы мен өсімдік тектес есірткі заттары бар бірнеше ыдыстарды тапқан. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленіп алынған есірткі заты жалпы салмағы 650 келіден асатын «кептірілген марихуана» және 48 келіге жуық гашиш болып шықты.Тергеу барысында ұсталған екі күдіктінің Нұр-Сұлтан қаласы және Жамбыл облысының бұрын сотталған тұрғындары екені анықталды. Күдіктілер есірткі салынған қапшықтар мен ыдыстарды алдын ала дайындап, Жамбыл облысынан шыққаны белгілі болған. Одан әрі олар Созақ ауданы арқылы жол бойындағы айналма жолдармен Қостанай облысына қарай кетуге әрекеттенген. Алайда, Бетпақдала аумағында көлік жүрмейтін жолдармен жасырынып кетіп бара жатқан көлікті қорықшы байқап қалып, полицияға хабарлаған.

«Ұсталған ер адамдарды оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін Созақ АПБ-не жеткізді. Аталған оқиға ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі «Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу» бойынша тіркелді. Қазіргі таңда күдіктілер қамауда». Бүгінгі күні Түркістан облысының полиция қызметкерлері күдіктілер есірткінің ірі партиясын қандай мақсатпен тасымалдағанын, сондай-ақ біздің облысқа есірткі құралдарын жеткізу арналарын анықтауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде»,- деді Асылжан Қалдарбеков.