Фото: ашық дереккөз
Көкшетау қалалық сотында Солтүстік Қазақстан облысының экс-әкімі, бұрынғы сенат депутаты Самат Ескендировқа қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Ол жер үлескерлерінің жерлерін сату ісі бойынша айыпты деп танылды.
Ескендиров серіктесімен бірге несие алу мақсатында жиналыс хаттамаларын жалған жасап, ЖШС қатысушыларының келісімінсіз Бурабай ауданы тұрғындарының жерлерін кепілге қойған.
Нәтижесінде, олар ауыл тұрғындарының шартты жер үлестерін заңсыз иемденіп, зардап шеккендерге аса ірі мөлшерде материалдық шығын келтірген.
2023 жылы үшінші тұлғаларға құқықтарды беру туралы шешім мен келісім заңсыз деп танылды. Жерлер бастапқы иелеріне қайтарылып, сол арқылы материалдық шығынды өтеуге негіз қалмады.
Сот бұрынғы сенаторға бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Самат Ескендиров Солтүстік Қазақстан облысының бірнеше ауданын әкім ретінде басқарған. 2011 жылы сенат депутаты болып сайланып, 2013 жылы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болды.
Алайда, 2014 жылы оны қызметтік этика ережелерін сақтамау сияқты бірқатар маңызды қателіктерге байланысты атқарып отырған қызметінен босатты.