Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев тамыз айында Түркіменстанға бармақ. Бұған дейін Түркіменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедовтің өлімі жайлы сыбыстар тараған еді.
Ресей премьер-министрі баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, Медведев Түркіменстанға 11-12 тамызда барып, Каспий экономикалық форумына қатыспақ. Сапар аясында президент Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесіп, екі жақты қарым-қатынас мәселелерін талқыламақ.
Бердімұхамедовтің шілде айының басынан бері көрінбей кетуі, тіпті Еуропа одағының сыртқы істер және қауіпсіздік саясат бойынша жоғарғы өкілі Федерика Могеринидің Ашғабатқа сапары кезінде де қоғам алдына шықпауы оның денсаулығына байланысты түрлі қауесетті өршітті. Ал Түркіменстан билігі президенттің 15 тамызға дейін демалыста екенін бірнеше рет мәлімдеген. Каспий форумы президенттің демалыс мерзімі ресми түрде аяқталғанға дейін басталып қояды.
15 шілдеде Түркіменстанның мемлекеттік ақпарат құралдары теледидар алдында отырған 62 жастағы Гурбангулы Бердімұхамедовтің жаңа кітабын жазып жатқан сәтін көрсеткен. Бірақ видеоның қай күні түсірілгені белгісіз.
Құқық қорғаушылар Түркіменстанды әлемдегі ең жабық әрі қудалауға бейім елдер қатарына жатқызады. Елдің барлық-дерлік саласына Бердімұхамедов пен айналасындағы саясаткерлер араласып, қатаң бақылауда ұстайды.