06 жел, 2019 сағат 14:17

Бензиннің қымбаттауы басқа қызметтердің бағасына әсер ете ме?

Қазақстанда бензиннің қымбаттауы басқа қызметтердің бағасына қалай әсер етеді? Тілшілердің бұл сұрағына Үкіметтің баспасөз орталығында Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Акцизді көтеру жөніндегі бұйрық әлі күшіне енген жоқ. Қазір Экономика министрлігі бұйрықтың жобасын дайындап, мақұлдау үшін барлық министрлікке жіберді. Мақұлданса, бұйрық 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Ұлттық экономика министрлігінің болжамы бойынша, бұл өзгеріс бензин бағасының өсуіне аса қатты әсер етпеуі керек. Бағаның мультипликативтік әсері қалай болатынын сұрап жатырсыздар. Бензин коммуналдық төлем немесе электр жарығы үшін пайдаланылмайды. Сұраныс көбінесе дизель отынына артады. Сондықтан, электр қуаты мен коммуналдық төлемдердің өсуіне көп әсер етпейтін шығар деп болжаймыз. Нақты жауапты Ұлттық экономика министрлігінен алған дұрыс деп ойлаймын», - деді вице-министр.

Әсет Мағауовқа «Бензин бағасын Энергетика министрлігі реттей ме, әлде Ұлттық экономика министрлігі ме?» деген сұрақ қойылды. Оның жауабына сәйкес, бензин бағасы кейінгі үш жылда реттелмейді.

«Яғни, бұрын мұнай өнімдерінің шекті бағасы реттеліп отыратын. Бензин бағасы Үкіметтің тиісті қаулысымен бекітілетін. Бірақ, бұл жүйеден кетіп, ЕАЭО немесе басқа кеңістікте нарықтық қарым-қатынасқа көшуді көздедік. Кейінгі екі-үш жылда бензин және дизель отынының бағасы реттелмейді. Осыдан 2-3 жыл бұрын тапшылық болған кезде бензин бағасы көтеріліп кеткен болатын. Өткен жылы, осы жылдың басында бензин артылып, баға төмендеді. Демек, жалпы Қазақстан нарықтық қарым-қатынасты ұстануы тиіс деп ойлаймыз. Сол себепті, қай министрлік бензин бағасын реттеуге міндетті деп сұрау салудың өзі дұрыс емес. Бастысы, нарықта өндірушіден бастап, соңғы сатушыға дейінгі қарым-қатынас, өзара жұмыс ашық болуы керек», - деді ол.