Бельгия кезең-кезеңмен елдегі санитарлық шектеулерден бас тартуда. Бұл туралы премьер-министр Александр де Кроо 7 сағатқа созылған пандемиямен күрес бойынша комитеттің отырысында мәлімдеді.
Ең алдымен, ел билігі ЕО аумағынан тыс жерлерге саяхаттау үшін шекараны ашуға уәде берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Euronews -ке сілтеме жасап.
«Жексенбінің кешінен бастап маңызды емес сапарларға рұқсат етіледі. Оның орнына коронавирусқа қарсы тестілеудің болуы және келісілген негіздерде карантин талаптарын сақтау бойынша қатал бақылау орнатылады», - деді Бельгия премьер-министрі Александр де Кроо.
Сәуірдің соңынан бастап Бельгия үкіметі шаштараз, сұлулық салондары және дүкендердің жұмысына қойылған шектеулерді алмақ, ал 8 мамырдан бастап дәмхана мен мейрамханалар ашылады.
Санитарлық шараларды шешудің жаңа кезеңі туралы Швейцария билігі де мәлімдеме жасады. Келесі аптадан бастап конфедерацияда жария іс-шаралар өткізіп, стадион, кино көрсететін зал және театрларда көрермен жинауға рұқсат етіледі. Сонымен қатар мейрамханалар көшедегі террасаларын аша алады.
Швейцария үкіметінің хабарлауы бойынша, елдегі эпидемологиялық ахуал қиын. Сол себепті карантин шаралары туралы мәселе COVID-19-ды емдеумен айналысып жатқан ауруханалардың жүктемесіне қарай қайта қаралуы мүмкін.