20 қарашада өтетін кезектен тыс Президент сайлауына тағы бір әйел кандидат ұсынылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгін Астанада "Қазақ аналары - дәстүрге жол" қоғамдық бірлестігінің жалпы жиналысы өтіп, онда президенттікке кандидат ұсыну мәселесі қаралған.
"Жиналысқа қатысушылар белгілі қоғам қайраткері, құқық қорғаушы Тұрсынбекова Салтанат Пархатқызын алдағы Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауына кандидат ретінде ұсынды.
Бірлестік басшысы Айнұр Жүгінісова Тұрсынбекова Салтанат Пархатқызы ана мен баланы қорғауға, отбасы институтын нығайтуға, ұлттық-рухани құндылықтарды насихаттауға белсенді атсалысып жүргенін айтты", - делінген хабарламада.
Кандидатураны бірлестіктің елордадағы 20 өкілі мен жиынға бейнебайланыс арқылы қатысқан 18 өңірдегі мүшелері қолдаған.
Салтанат Тұрсынбекова – белгілі қоғам қайраткері, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат Ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары. Соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы және оның алдын алуға арналған бірнеше әлеуметтік жобаларға жетекшілік еткен.
Астана қоғамдық кеңесінің мүшесі. Сондай-ақ, "Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" жобасының жетекшісі болған.
Ол 1966 жылы Жамбыл облысында туған, отбасылы, 2 бала тәрбилеп отыр. Мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі 30 жылдан асады.
«Қазақ аналары-дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі Салтанат Тұрсынбекованың құжаттарын бүгін Орталық сайлау комиссиясына тапсырмақ.
Айта кетейік, 7 қазанда «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер Ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі кезектен тыс президент сайлауына Қарақат Жақсылыққызы Әбденнің кандидатурасын ұсынған болатын.