Қазақстандық адвокат Жангелді Сүлейменов оқушыларға еден жуғызуды тоқтатуды талап етті. Тыйым салынбаған жағдайда ол білім және ғылым министрлігін сотқа бермек, деп хабарлайды Sputnik.
Астананың №80 мектебінде оқушылар еденді өздері жуады деген ақпаратқа жұртшылық әртүрлі пікір білдірді. Біреулер еңбектің пайдасын айтып, бұл идеяны қолдаса, басқалары кәмелеттік жасқа толмағандардың еңбегін пайдалану деп айыптады.
"Сонда балаларымыз дезинфекция ерітіндісін өздері әзірлеуі керек пе? Шын мәнісінде балаларға лас шүберектерді ұстатып, шелекке су құйып бермек. Мектеп оқушыларына еден жуғызуды тоқтату үшін шара қолданбаса, білім министрлігін сотқа беремін", - деп жазды Сүлейменов Facebook парақшасында.
"Еуразия бірінші арнасының" мәліметіне сүйенсек, мектеп кабинеттерін тазалау бастамасын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің әдептілік департаменті көтерген.