
Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында қаладағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алматыда жыл басынан бері коронавирус инфекциясының 17 790 жағдайы тіркелді. Тамыз айынан бастап есепке алынған пневмонияның 1 349 жағдайы тіркелді. Қыркүйек айында вирустың таралуы 165 жағдайдан төмендеген еді, ал қазір 1 660 жағдайға дейін тіркеліп, індеттің таралуы өсіп отыр», - деді ол.
Оның айтуынша, Алматы қаласында эпидемиологиялық жағдайдың өрбуі алдын ала болжамдаған мөлшерге сәйкес келіп отыр. Мәселен желтоқсан айында 1 аптада – 420 жағдай, 2 аптада – 460 жағдай, 3 аптада – 510 жағдай, 4 аптада - 560 жағдай, болжам бойынша жалпы айдың қорытындысымен 1900 жағдай және пессимистік болжам бойынша 2200 жағдайға жетуі мүмкін.
«Алматы қаласында, біздің елде және әлемде коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түскенін ескере отырып, қоғам, бизнес, Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы, прокуратура және қалалық әкімдік өкілдерімен жан-жақты талқылап, 23.12.2020 жылғы №66 қаулысын қабылдадық», - деді Жандарбек Бекшин.
Сонымен қатар, ол Алматы қаласының бес мың тұрғынына жүргізген зерттеу коронавирустық инфекцияға қарсы ұжымдық иммунитеттің қалада 55-56% деңгейінде қалыптасқанын атап өтті.
«Зерттеуді санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы жүргізуде. Кездейсоқ іріктеу арқылы 5 мың адам тексерілді, оның нәтижесі бойынша ұжымдық иммунитет 55-56% деңгейінде деген қорытынды жасалды. Алайда, бұл толық және дәл қорытынды шығару үшін жеткіліксіз. Жұмыс жалғасуда», - деді ол.
Онлайн брифинг барысында Алматының бас санитарлық дәрігері әсіресе жастарға ескерту жасап, карантин талаптарын мұқият қадағалау қажеттігін ескертті. Сондай-ақ ол сөз арасында, қалада есікті іштен жауып, жұмыс істейтін клубтармен жаңа тәсілмен күрестіндерін жеткізді.
Сонымен қатар, ол мектептердегі кезекші сыныптар жабылмайтынын атап өтті.
«Егер бір мұғалім ауырып қалса, сыныпта отырған 30-40 оқушы да ауырады. Егер одан әрі көбейетін болсақ, мұғалім оқушылардан басқа мұғалімдермен де байланысады. Бұл мектеп бойынша инфекцияның қарқынды таралуына ықпал етеді. Балабақшада да солай. Сондықтан кезекші сыныптар барлық талаптарға сәйкес болуы керек. Санитарлық–эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып мектептердегі кезекші сыныптар мен балабақшалардағы кезекші топтардың жұмысы жалғасады», - деді Жандарбек Бекшин.
Қаланың бас санитарлық дәрігерінің айтуынша, бұл балалар арасында аурудың күрт өсуіне жол бермейді.
Онлайн брифинг барысында БАҚ өкілдері вакцинаға қатысты біраз сауал қойды.
Өз кезегінде, Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин инфекциядан кейін ағзасында антидене табылмаса, Қазақстанда тіркелген вакцинаны салдыратынын жеткізді.
«Егер антидене сақталса, вакцина салдырудың қажеті жоқ. Егер жоқ болса, қолжетімді вакцинаны салдырамын. Бұл не ресейлік, не отандық болады», деді Бекшин.
Айтуынша, қазір Тараз бен Алматыда отандық вакцинаның клиникалық сынағының үшінші кезеңі жүріп жатыр.
«3 мың еріктіге вакцина егіледі, содан кейін сол вакцинаны егеміз бе, жоқ па, нақты шешіледі. Ал қазірге дейін вакцинаның қауіпсіздігін тексеру сынағының кезеңдері сәтті өтті. Алдын ала ақпарат бойынша біздің вакцина 96% тиімділікті көрсетті. Бұл өте жақсы көрсеткіш», – деді ол.
