16 шіл, 2021 сағат 18:12

Алматыда Құрбан айтқа арналған барлық іс-шара онлайн форматта өтеді - Бекшин


Коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты Алматы «қызыл» аймақта. Осыған орай Құрбан айт мерекесіне арналған барлық іс-шара онлайн форматта өтеді. Бұл туралы брифинг барысында қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, Алматыда санитарлық-эпидемиологиялық жағдай күрделі. Науқастар санының өсуіне мутацияланған «дельта» штамы әсер етуде. 

«15 шілдеде коронавирус инфекциясының 885 жағдайы тіркелді. Оның 780-і симптомсыз және 105-і симптомды. Инфекциялық стационарларда 2 292 адам, оның ішінде 181 бала жатыр. Реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерінде 132 науқас бар. Сондай-ақ 27 – ӨЖЖ, 39 - инвазивті емес ӨЖЖ, 61 High flow аппараты қосылған. 

Бүгінде үйде БМСК және телемедицина орталығының мобильді бригадаларының бақылауында 4 326 науқас бар, симптомды жеңіл және орташа дәрежесі бар - 3958, ал симптомсыз – 368 адам бар», - Жандарбек Бекшин.

Сонымен қатар, ол Құрбан айт мерекесі биыл онлайн форматта өтетінін жеткізді. 

«Қалада коронавирус инфекциясының күрт өршуіне байланысты адам көп жиналатын іс-шараларды, оның ішінде ұйымдарда, сондай-ақ жеке меншік үй мен медреселерде айт намазын өткізуге тыйым салынады», – деді Жандарбек Бекшин. 

Еске салсақ, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, Алматы аумағында 19-ы мен 22 шілде аралығында мал сою цехы мен базарлардың жұмыс істеуіне тыйым салынған.