Парламент Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің кеңейтілген отырысында «1994 жылғы 10 желтоқсандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, Хаттамаға 2017 жылы қарашада Челябі қаласында екі ел президенттерінің қатысуымен өткен ҚР мен РФ арасындағы өңірлік ынтымақтастық жөніндегі форум аясында қол қойылды. Хаттамамен «Байқоңыр» кешенін жалға беру шарты №2 қосымшасын жаңа редакцияда беру көзделген.
ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрмановтың айтуынша, шарттың екінші қосымшасында «Байқоңыр» кешенінің технологиялық және техникалық нысандарының, тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктері құлайтын аудандарының координаттары көрсетілген.
Атап айтқанда, Хаттамамен оған жалпы алаңы 11,6 мың гектар төрт жер учаскесі жалға алу бөлігінен шығарылады. Жалпы алаңы 1 740 гектар екі учаске Қармақшы ауданы Төретам кентін кеңейту үшін, сондай-ақ 9 950 гектар екі учаске «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізін, «Алматы-Мәскеу» теміржолын салу және «Бейнеу-Шымкент» газ құбырының желілік бөлігі үшін алынып отыр.
Оның сөзіне қарағанда, көрсетілген жер телімдері Қызылорда облысының дамуы үшін қажет. Осы шаралар өңірдің әлеуметтік жағдайына және экономикасына оң әсерін тигізеді.
«Бұл жер телімдерін жалға алудан шығару Ресей тарапының Қазақстанға жыл сайынғы жалға алу төлемі сомасының қысқаруына ықпал етпейді», - деді Р. Құрманов.
Талқылаудан кейін комитет мүшелері заң жобасын Парламент Сенаты жалпы отырысының қарауына шығару туралы шешімді қабылдады.