22 мам, 2025 сағат 14:39

Баянауылға ерекше мәртебе беріле ме?


Фото: 7kun.kz

Премьер-Министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутатты Николай Арсютиннің Баянауылға бірегей тарихи, ғылыми және туристік әлеуеті бар аумақ ретінде ерекше мәртебе беруге қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды Ult.kz.

Премьер-Министр өз сөзінде қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамада «ғылымды қажетсінетін аумақ» түсінігі мен анықтамасы қарастырылмағанын айтты.Сонымен қатар Қазақстанда ғылымды қажетсінетін аумақтар құрумен байланысты мәселелерді шешу мақсатында Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылымды қажетсінетін аумақтар мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы жобасына бастамашылық жасаған.

"Заң жобасы «ғылымды қажетсінетін аумақ» түсінігін енгізуді, оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың ғылымды қажетсінетін аумақтарды дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуін, келісуін және бекітуін, сонымен қатар өкілетті органға елді мекенге ғылымды қажетсінетін аумақ мәртебесін беруді ұсынуын, жоғары ғылыми-техникалық комиссияда аталған ғылымды қажетсінетін аумақ үшін басым ғылыми бағыттарды айқындауын көздейді. Үкіметтің заң жобасына қорытындысы Мәжіліске енгізілді. Жоғарыда айтылғанды ескере отырып, Баянауыл аудан орталығына ғылымды қажетсінетін аумақ мәртебесін беру мәселесі тиісті заң жобасы қабылданғаннан кейін ғана қарастыру мүмкін болады деп есептеймін, - деді Үкімет басшысы.


Айта кетейік, депутат Арсютин Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында өңірлердің мәдени мұрасын сақтау және стратегиялық дамыту мақсатында Павлодар облысындағы аудан орталығы - Баянуылға бірегей тарихи, ғылыми және туристік әлеуеті бар аумақ ретінде ерекше мәртебе беру туралы айтқан. Ол өз сөзінде Баянауыл аудан орталығына ерекше мәртебе беру – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды шешім болмақ. Бұл бастама бірқатар нақты тиімділіктерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.