27 қар, 2018 сағат 10:36

Бауыржан Байбек пен оның отбасының АParking компаниясына қатысы жоқ - әкімдік

Алматы әкімдігі қала басшысы Бауыржан Байбектің АParking компаниясына қатысы бар деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала көшелеріндегі паркоматтардың бетіне жапсырылған плакаттар көпшіліктің талқылауына түрткі болды. Бұл қағаздарда белгісіз біреулер АParking тұрақ компаниясының қала әкімі Бауыржан Байбекке тиесілі екендігін жазған.

Қала әкімдігінің пайымдауынша, бұл лозунгтар қаладағы көлеңкелі айналымды азайтуға қарсы тұлғалардың ісі болуы мүмкін.

«Алматы әкімдігі қала әкімінің де, оның отбасы мүшелері мен өзге де туысқандарының да Аparking компаниясында үлесі жоқтығын ресми мәлімдейді. Осыған байланысты қала әкімдігі жалған және жала тағу тұрғысындағы ақпаратты тарату фактілеріне құқықтық баға беру, сондай-ақ оның ұйымдастырушылары мен қатысушыларын жауапқа тарту мүмкіндігін қарастыру үшін құқыққорғау органдарына арызданды», - деді әкімдіктен.