19 қаң, 2021 сағат 11:20

Батыс Қазақстанда жол оқиғасынан бір адам қаза тапты

Батыс Қазақстан облысында жол-көлік оқиғасынан ер адам қаза тапты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 18 қаңтар күні Ақжайық ауданы аумағында болды.

 

Сағат 14.18-де Орал-Атырау жолының 102-шақырымында 1974 жылғы жүргізуші «Ивеко» автокөлігінің руліне ие бола алмай, жол жиегіне түсіп кеткен.

Соның салдарынан автокөлікте отырған жолаушы трассалық медициналық-құтқару бекеті қызметкерлері келгенше алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. 

Жүргізушіге медициналық көмек көрсетілді.

Сондай-ақ 19 қаңтар күні сағат 03.38-де Ақжайық ауданы Жамбыл ауылдық округі Бітік ауылы маңында «»Фольксваген Пассат» автокөлігі жол жиегіне түсіп кеткен. 

Трассалық медициналық-құтқару бекетінің күшімен 4 адам (екеуі – бала) құтқарылып, аудандық орталық ауруханаға жеткізілді. Көлік жүргізушісі медициналық көмекті қажетсінбеді.

БҚО ТЖ департаменті аса қажеттілік болмаса, ауа райының қолайсыз кезінде алыс жолға шықпау, егер төтенше жағдай туындаса, 112, 101 телефондарына хабарласу керектігін ескертеді.