21 қаз, 2020 сағат 19:05

Батыс Қазақстанда үйдің қабырғасына Жәңгір ханның бейнесі салынды

Бөкей ордасы ауданының орталығы Сайқын ауылында қос қабатты үйдің қабырғасына Жәңгір ханның бейнесі салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Орталық көшедегі үйді қабырғасында Жәңгір ханмен бірге тоғай мен Хан ордасы музей-қорығының суреттері де көрініс тапты.

Муралдың авторлары – оралдық суретшілер Яков пен Дарья Полищук.

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың айтуынша, Бөкей хандығының құрылғанына 2021 жылы 220 жыл, Жәңгір хан мектебіне 180 жыл толмақшы. 

Бөкей сұлтан қоластындағы халқымен бірге 1801 жылы Еділ-Жайық аралығына өтіп, хандықтың негізін қалап, 1815 жылға дейін басқарды. Оның ұлы Жәңгір хан Жасқұс құмына өз ордасын салдырып, қарауындағы елді отырықшы өмірге, еуропалық өркениетке үндеп, сол бағытта көптеген істер тындырды. 

«Аудан орталығындағы Жәңгір хан бейнесі – осы мерейтойлар қарсаңындағы бастапқы жұмыстардың бірі», деді Н.Рахымжанов.