Батыс Қазақстан облысында той өткізген тоғыз тұрғынға айыппұл салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, БҚО Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес тыйым салынғанына қарамастан, өңірде той, салтанатты мереке, туған күн секілді шараларды ұйымдастыру деректері әлі де тіркелуде.
Атап айтқанда, 15-22 шілде аралығында, бір апта ішінде 9 той өтіп, оған 20-дан 50-ге дейін адам қатысқан.
Мониторинг тобы Теректі ауданы Федоров пен Абай, Жәнібек ауданы Борсы мен Жәнібек, Қаратөбе ауданы Қаратөбе мен Саралжын, Жаңақала ауданы Бірлік, Қазталов ауданы және Сырым ауданы Жымпиты ауылында карантин кезінде той өткізілгенін анықтады.
Соның нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес жеке тұлғаларға әкімшілік хаттама толтырылып, 15 АЕК көлемінде (41 мыңнан астам теңге) айыппұл салынды.
«Тұрғындардан карантин талаптарын сақтап, көпшілік шараларды ұйымдастырмауды өтінеміз. Тек санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып қана індетті жеңе аламыз. Өзіміз бен өзіміздің жақындарымыздың денсаулығын сақтайық!» деді департамент мамандары.