06 қаң, 2021 сағат 11:54

Батыс Қазақстанда сайлауға 5 мыңдай байқаушы қатыспақ

Батыс Қазақстан облысында 10 қаңтар күні өтетін Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлауға 5 мыңдай байқаушы қатыспақ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың мәлім еткеніндей, соның ішінде екі халықаралық байқаушы ЕҚЫҰ атынан Чехия мен Швециядан келмек. 

Сондай-ақ Саратов облысынан 6, Самарадан 4, Ресейдің Орал қаласындағы бас консулдігінен 2 байқаушы қатыспақ. Оған қоса саяси партиялар өз байқаушыларын жіберетін болады. Облыс бойынша 170-тен астам ұйымның сайлауда байқаушы болуға құқығы бар. Санитарлық талапқа сәйкес комиссия мүшелері мен байқаушылар ПТР тест қорытындысы туралы анықтамаларын алып келуі керек.

Ғ.Қапақовтың сөзіне қарағанда, партиялық тізім бойынша «Nur Otan» 350, «Ауыл» 40, «Ақжол» 35, «Адал» партиясы 29 кандидат ұсынды. Қазақстан халық партиясы үміткерлерін Мәжіліс сайлауына ғана қоспақшы. 

Барлық 454 кандидаттың 217-сі немесе 47,4 пайызы – жастар мен әйелдер. 

Облыстық мәслихатқа – 31, қалалыққа – 22, аудандық мәслихаттарға – 147, барлығы 200 депутат сайланбақшы. 

Сайлауды өткізу үшін Батыс Қазақстан облысына 460 млн астам теңге бөлінді. Оның 89 пайызы еңбекақы есебінде төленеді. Өңірде сайлау комиссияларының 3259 мүшесі бар. 

«Коронавирус індетіне байланысты барлық сақтық шаралары қолға алынды. Комиссия мүшелері жеке қорғаныш құралдарымен, бетперде, қолғап, көзілдірікпен қамтамасыз етілді. Олардың қызуы тұрақты түрде өлшенеді. Сайлаушылар арасында да әлеуметтік арақашықтық сақталады. Сайлау учаскелерінде санитайзерлер орнатылып, антисептиктер қойылады. Ауа келіп тұруы үшін дауыс беру кабиналарының алдыңғы жағы ашық болады. Егер сайлаушы бетперде тағуды ұмытып кетсе, онымен де қамтылады», деді Ғ.Қапақов.