
Батыс Қазақстан облысында ІІІ республикалық Қадыр оқулары мәреге жетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қадыр Мырза Әлидің 85 жылдығына орай ақын өлеңдерін насихаттау, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту бағытында іс-шара биыл онлайн түрде ұйымдастырылды.
Байқау өткен ақынның туған жері – Сырым ауданына тек қазылар алқасы келді.
Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев пен белгілі әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қадыр Мырза Әли қоғамдық қорының директоры Донеділ Қажымов додаға қатысушыларды құттықтап, республикалық Қадыр оқуларының жыл сайын аясы кеңіп, деңгейі өсіп келе жатқанын атап өтті.
«Сөзім барда – өзім бар» бөлімінде қатысушылар ақынның шығармаларын Zoom бейнебайланысы арқылы нақышына келтіріп, жатқа оқыды.
Бұл бөлім бойынша Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Ақжол Жүсіп бас жүлдені жеңіп алды.

Сырым ауданы Қособа орта мектебінің 6-сынып оқушысы Нұрсая Юнус бірінші, Алматы облысы Көксу ауданы Қызылтоған орта мектебінің 9-сынып оқушысы Гүлнәр Ержан мен Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Шетпе лицейінің 9-сынып оқушысы Арайлым Уәлихан екінші, Алматы қаласы Жетісу ауданы №108 жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Жансая Көмекова, Нұр-Сұлтан қаласы №64 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы Ділназ Нұрхамит және Ақтөбе облысы Байғанин ауданы, Т.Жармағамбетов атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Аяла Мұхамбетова үшінші орынға ие болды.
«Болу үшін жаралғам туған жердің жырауы...» бөлімінде үміткер Қадыр Мырза Әли сөздеріне жазылған бір әнді орындап, инстаграм парақшасында #QadyrОқулары85ән хэштегімен салды. Мұнда бас жүлде Алматы облысы Талғар ауданы № 31 орта мектебінің 6-сынып оқушысы Нұрасыл Жүнісбекке бұйырды.
Қызылорда облысы Қармақшы ауданы №108 орта мектептің 8-сынып оқушысы Назым Абдулқасым бірінші, Алматы қаласы Алмалы ауданы №128 жалпы білім беретін мектебінің 6-сынып оқушысы Мирас Максимов пен Сырым ауданы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Ерасыл Өміржан екінші, Ақтөбе қаласы №42 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Арнұр Мұхтар, Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Шетпе гимназиясы 8-сынып оқушысы Ақнұр Сатыбалды және Көкшетау қаласы Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Шұғыла Елешқызы үшінші орынға көтерілді.
«Өлең жаздым тоғыз тарау, жеті өрім» бөлімінде қатысушының ақындық шеберлігі сарапқа салынды. Талапкерлер Қ.Мырзалиевке арналған өзі шығарған өлеңін мәнерлеп оқып, Инстаграм парақшасында #QadyrОқулары85ақын хэштегімен салды және өз шығармалары жинағын электронды почта арқылы жолдады.
Бұл бөлімде Орал қаласындағы №19 орта мектептің 11-сынып оқушысы Қадыр Мерекеұлы үздік атанды.
Сондай-ақ Сырым ауданы Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп-балабақша кешенінің 6-сынып оқушысы Сырымбек Оразбек бірінші, Алматы облысы Сарқан ауданы Н.Островский атындағы мектеп лицейінің 10-сынып оқушысы Ерсайын Тұрсын мен Қызылорда облысы Сырдария ауданы №37 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Ханзада Сейілбек екінші, Жамбыл облысы Байзақ ауданы Диқан тірек мектебінің 10-сынып оқушысы Ілияс Қуандық, Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Шетпе гимназиясының 11-сынып оқушысы Уәли Мәліков және Нұр-Сұлтан қаласы №55 орта мектептің 10-сынып оқушысы Аяулым Өркенқызы үшінші жүлдені еншіледі. Ал Қостанай облысы Рудный қаласы Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Жамбыл Тоққожаев Сырым ауданының арнайы сыйлығымен марапатталды.

Байқауға қатысушылардың бір тобына алғысхаттар берілді.
«Биыл үшінші рет ұйымдастырылған Қадыр оқуларына еліміздің аймақтары мен қалаларынан отыздан астам үміткер қатысып, бақ сынады. Ұлы ақынның шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында сайысты алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз», деді ҚазАқпарат тілшісіне аудан әкімі, қазылар алқасының төрағасы Төлеген Төреғалиев.

